Қазақстан Орталық Азия елдерімен және Қытаймен ынтымақтастықты күшейтеді 

Фото: polisia.kz

Астанада «Орталық Азия – Қытай» форматындағы Ішкі істер және Қоғамдық қауіпсіздік министрлерінің екінші кездесуі өтті, деп хабарлайды «24KZ».

Қатысушылар өңірлік қауіпсіздікті нығайту, трансұлттық қылмысқа, есірткінің заңсыз айналымына, киберқауіптерге қарсы іс-қимыл және құқық қорғау саласындағы цифрлық технологияларды дамыту мәселелерін талқылады.

Мемлекет басшылары Орталық Азия - Қытай екінші саммиті барысында бірқатар басым бағыттарды айқындады: сауда-экономикалық байланыстарды дамыту, көлік-логистикалық ынтымақтастық, өнеркәсіптік кооперация және локализация, гуманитарлық саладағы, туризм мен өңіраралық байланыстардағы өзара іс-қимылды нығайту. Бұл ретте негізгі фактор – ортақ қауіпсіздік, - деді ҚР Ішкі істер министрі Ержан Саденов.

Қазақстан ІІМ мәліметінше, 2024 жылдан бері Орталық Азия елдері мен Қытайдың құқық қорғау органдары біздің еліміздің сұранысымен шетелде бой тасалап жүрген 86 қылмыскерді іздеп тапқан. Өз кезегінде қазақстандық полицейлер серіктес елдерге іздеуде жүрген 656 қылмыскердің орналасқан жерін анықтап, ұстауға көмектесті. Бұл халықаралық ынтымақтастық пен жедел ақпарат алмасудың жоғары тиімділігін көрсетеді. 

Келіссөздердің бір бөлігі құқық қорғау органдарын цифрландыру мәселесіне арналды. Қазақстан мен Қытай «ақылды қала» технологияларын, интеллектуалды бейнебақылау жүйелерін, жасанды интеллектіні, үлкен деректерді талдау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған биометриялық шешімдерді енгізу бойынша тәжірибе алмасуды жалғастырып келеді. Сондай-ақ тараптар киберқылмысқа қарсы іс-қимыл және кәсіби әрі академиялық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. 

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар серіктестікті одан әрі нығайтуға, жедел ақпарат алмасуды кеңейтуге және заманауи сын-қатерлер мен қауіптерге бірлесіп әрекет етуге дайын екендерін растады.