Оралда кәріз сорғы станциясы жаңартылды

Бүгін Оралда  қайта жаңғыртылған №18 А кәріз сорғы станциясы пайдалануға берілді.

Қаладағы  кәріз суының 30 пайызын айдайтын станция құрылысына 2 млрд теңге жұмсалды. Жаңа станция 150 мыңдай тұтынушыға үздіксіз қызмет көрсетеді. Жалпы коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, соңғы 3 жылда  облыс орталығында ауқымды жұмыстар атқарылды.

Қаланың жаңа аудандарынан шығатын суды айдайтын №18 кәріз стансасы 2009 жылы салынды. Алайда сапасы тез сыр беріп, апатты жағдайда деп танылды. Небәрі 2 сорғы агрегатының қуаты жетпей, тұрғындар жиі сусыз отыратын. Лас су "Самал" ықшам ауданын басып қалатын. Енді ол қиындық артта қалды. Жаңадан салынған кәріз стансасы 150 мың абонент пен ондаған әлеуметтік нысанды қамтиды. Онда 5 қуатты сорғы орнатылған. 

Аян Ілиясов, "Батыс су арнасы" ЖШС бас инженері: 

- Осы қала тұрғындары біледі ғой. Суды уақытылы өшіріп, кәріз жұмыс жасамағаннан кейін насостар, сондай жағдайларға душар болдық. Бұл кәріз су станциясы іске қосылғаннан кейін, көп жаңағы проблемалар шешіледі. Себебі деген бұл кәріздің 30% тасымалдайтын сорғы станциясы.

Күн жылып, қар ерісе, немесе нөсер жауса қала  бұрын жиі сусыз қалатын. Өйткені тозығы жеткен кәріз желілері жан жақтан құйылған тасқын суды өткізіп үлгермейді. Соңғы жылдары осы өзекті  мәселе шешімін таба бастады. 6 кәріздік сорғы стансасы салынды. Бұл мақсатқа 12,3 млрд теңге қаржы қаралды.

Нариман Төреғалиев, облыс әкімі:

- Соңғы екеуі №1, №29 кәріздік сорғы стансасы қазір құрылысы жүріп жатыр. Амандық болса, осы жылдың аяғына октябрь айында біз оларды аяқтаймыз. Бұл не береді? Қаламыздың, өздеріңіз білесіздер, ең алғашқы салынған КНС осы қаланың тұрғындарын қамтуға арналған 1963 жылы салынған. Содан бері енді мұндай күрделі жөндеуді жаңғыртуды өткен жоқ. Біз міне осының барлығын түбегейлі шешіп жатырмыз.  Енді бір тағы 30-40 жылға бұған ешкім алаңдамайтын болады.

3 жыл бұрын өңірдегі су бұру желілерінің тозу деңгейі 63% құраса, аталған жобалар жүзеге асқаннан кейін көрсеткіш 55%-ға түседі. 

Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғаосов, Э. Аюпов