Таразда «Жас сақшы» республикалық форумы ұйымдастырылды

Елдің «Жас сақшылары» Жамбыл облысында бас қосты.

Өңірде алғаш рет ұйымдастырылған республикалық форумға  елдің барлық аймағынан ең үздік «Жас сақшы» сыныптардың командир оқушылар мен жетекшілері және ата-аналары қатысты. Республикалық Форумға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, Ішкі істер министрлігінің өкілдері, құқық қорғау органдарының басшылары мен педагогтер арнайы барды.

«Жас сақшы» жобасына қызығушылар қатары жыл санап артып келеді. Бүгінде ел бойынша 5 мыңдай оқушы осындай сыныпта оқиды. Негізгі мақсаты кәмелетке толмағандар арасындағы бұзақылықты болдырмау, құқықтық мәдениетін арттыру. Өңір басшысы Ербол Қарашөкеев  өскелең ұрпақты ел қорғаны болып, заң мен тәртіпке  тәрбиелеу жолында бүгінгі форумның маңызы зор деді. 

Ербол Қарашөкеев, облыс әкімі:

- «Жас сақшы» жобасы – жай ғана білім беру бастамасы емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Заң мен тәртіп – қоғам тұрақтылығының басты кепілі» деп нақты атап өтті.Сондықтан құқықтық мәдениетті қалыптастыру ең алдымен өскелең ұрпақ тәрбиесінен басталады.

Іс-шара барысында жас тәртіп сақшылары сыныптарының жұмысы, сондай-ақ оқушыларды құқықтық әрі патриоттық тәрбиелеу бағытындағы жобалар таныстырылды. Сондай-ақ өңір басшысы 8 мектептің өкіліне бағалы сыйлық сертификаттарын, полиция инспекторларына 15 автокөліктің кілтін тапсырды.

Қайсар Сұлтанбаев, полиция департаментінің бастығы:

– Бұл «Жас сақшы» форумының Тараз қаласында өтуінің себебі өздеріңіз білетіндей қазіргі таңда «Жас сақшы» сыныптарының ең көбі осы Жамбыл облысында. Жас сақшы сыныптарының ашылуына ерекше көңіл бөліп отырмыз. Себебі бұл ең бастысысы қоғамдағы заң мен тәртіп қағидатын орнату. 

Бүгінде ел бойынша 250-ден астам «Жас сақшы» сыныбы жұмыс істейді. Соның 43-і Жамбыл облысында орналасқан. Бұл сыныптарда 900-ге жуық оқушы білім алады.

Талғатбек Әбдіқожа, Анастасия Сулейманова, Тимур Сейілхан, Елдар Байдилда