Елде 10 млн түп көшет егілуі тиіс

Темір орман шаруашылығы биыл 1 млн 200 мың түп көшет екті. Ақтөбе облысындағы Орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі мұнайлы өлкеде жасыл желек өсіріп отырған бірден-бір ірі кәсіпорын.

Президент тапсырмасына сай 5 жылда 10 млн түп ағаш егілуі тиіс. Ауқымды жоспар қалай іске аспақ? 

Орман шаруашылығында жұмыс қауырт. Көктемнің күні қызып, жер дегдіген шақта орманшылар иен далаға көшет егуге кіріседі. Биыл 700 гектар жерге қарағаш шыбығын салған. Мамандар қазір келер жылдың қамына кірісті. Көктерек пен қарақат егіп, көшет өсіру қажет. 

Құлыншақ Сисенбаев, Темір орман шаруашылығының шебері:

- 30 мың пирамидалық терек, 16 мың қазақстандық терек және 3 мыңға жуық қарақат көшетін отырғыздық. Бүгін көшет отырғызу жұмыстарын толық аяқтаймыз. Бұл көшеттер саябақтар мен көше бойларына егуге қолайлы, тез өседі әрі әдемі көрік береді. Сондай-ақ мамық шашпайды.

Көк терек пен қарақаттан бөлек тәлімбақта қарағаш, қарағай, үйеңкі, шаған, катальпа мен мойыл, жиде түрлері бар. Биыл «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында 6 мың түп көшет өсіріп, мемлекеттік мекемелер мен балабақша, мектептерге тапсырған. Одан бөлек, өңірдегі мұнай компаниялары да сатып алады. 

Мансұр Есқожин, тілші:

- Шаруашылықтың негізгі міндеті – орман қорына тиесілі аумақтарды жасыл-желекпен көмкеру. Негізінен қарағаш көшеттері егіледі. Себебі ағаштың бұл түрі Ақтөбе өңірінің табиғатына төзімді келеді. Тамыры топырақты эрозиядан қорғаса, жол бойына егілген тоғайлар қыста қар тоқтату қызметін атқарады. 

Мұнай мен газ өндірілетін Темір ауданында экология өзекті мәселелердің қатарында. Сондықтан шаруашылық мамандарына жауапты міндет жүктелген. Елді мекендер айналасына орман белдеулерін құру қажет. 

Сабыржан Молдағұлов, Темір орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің директоры:

- Қарағаш тұқымын жинау науқаны басталды. Қазір 6-7 адам Атырау облысында жүр. Бүгін міне, Ақтөбе қаласына 6-7 адам көлікпен кетті. Бізге енді шамамен үш тоннадан кем болмауы керек. Келесі жылғы отыру материалын 2026-27 жылды жабу үшін, сонымен қатар қосымшасы бар, соның барлығын жабу үшін бізге кемінде бір 3 тоннадай тұқым керек. Одан артылып жатса, тіпті жақсы болады.

Президент тапсырмасына сәйкес Темір орман шаруашылығы 6 мың гектар жерге 10 млн түп көшет егуі тиіс. Қазіргі таңда 6 млн 500 мың ағаш егілген. Орманшылар биыл күзде және алдағы көктемді жоспарды жүзеге асыруды көздеп отыр.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айбек Даутов