Алматыда жеңіл рельсті көлік жүйесі сараптамадан өтіп жатыр

Осы жазда Алматыда LRT құрылысы басталуы мүмкін. Қазір жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр.

Қорытындысы шілде айында шығады. LRT-нің алғашқы желісінің ұзындығы 18 шақырымнан асады. Бұл мегаполистің батыс және шығыс бөліктерін байланыстырады. Желі Төле би көшесімен, Абылай хан даңғылы арқылы екінші Алматы теміржол вокзалына дейін созылады. Сондай-ақ, Момышұлы көшесі арқылы Алатау ауданындағы Индустриялды аймаққа дейін барады. Алматыда салынатын жеңіл рельсті көлік жүйесі Астанадағы сияқты биікте орналаспайды. Желі жерге салынады.

Ержан Диқанбаев, қалалық Жолаушылар көлігі мен жол қозғалысын ұйымдастыру басқармасының басшысы:

- Бүгінгі күні ескі рельстерді алу, алаңды дайындау және инженерлік желілерді күшейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыс жоба сараптамадан өткеннен кейін басталады. Қоғамдық көлікті тұрғындар үшін жылдам, әрі ыңғайлы ету негізгі міндет. Осы мақсатта арнаулы автобус жолағының желісі кеңейтіліп, жолақы төлеу жүйесі жаңғыртылып, көлік-тасымал тораптары салынады. Қалада метро мен LRT қатар дамиды.