Алматы полициясы түлектерді қауіпті кортежден бас тартуға шақырды
Алматы қаласының полициясы соңғы қоңырау қарсаңында мектеп түлектері мен олардың ата-аналарына үндеу жасады, деп хабарлайды «24KZ».
Қалалық полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаев мерекелік іс-шаралар кезінде балалар қауіпсіздігіне ерекше назар аударылатынын атап өтті.
Жыл сайын мерекелік іс-шаралардың бақылаудан шығып кететін жағдайларымен бетпе-бет келеміз. Әсіресе коттедждерді жалға алу, алкогольдік ішімдіктерді пайдалану, сондай-ақ автокөліктермен қауіпті серуендер ұйымдастыру және “кортеждер” үлкен алаңдаушылық туғызады. Жасөспірімдер әсерлі бейнеролик түсіреміз деп жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған жағдайда, оның соңы қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін, – деді Тимур Ноғайбаев.
Сонымен қатар, полиция мереке күндері күшейтілген режимде жұмыс істейтінін, алайда балалардың қауіпсіздігі ата-аналар мен педагогтердің бақылауынсыз толық қамтамасыз етілмейтінін ескертті.