Шымкентте 100 отбасы жаңа пәтер кілтін алды
Шымкентте тұрғын үй кезегінде тұрған 100 отбасыға пәтер кілті берілді.
Олардың қатарында көпбалалы аналар, ерекше қажеттілігі бар, бала өсіріп отырған жандар, I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар бар. Қуаныш иелеріне жаңа пәтердің кілті, салтанатты түрде табысталды. Биыл «Отбасы банкінің» қолдауымен кезекте тұрған 4 мың 108 адамды баспанамен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Баспана кезегінде тұрған жандар «Ақжайық» шағын ауданына қоныстанатын болды. Оларға пәтер кілтімен бірге ұлттық нақыштағы астау сыйға тартылды. Салтанатты шараға қала әкімі мен «Отбасы банк» басшысы Ләззат Ибрагимова арнайы қатысып, қуаныш иелерін құттықтады.
Жаңа баспана мемлекеттік бағларлама қатысушыларына тиімді шарттармен берілді. Олар үй бағасының небәрі 10%-ін бастапқы жарна ретінде құйып, 2-ден 5 пайызға дейінгі жеңілдетілген жылдық мөлшерлемемен алды. Көпбалалы ана Гүлнұр Мырзабаеваның айтуынша, бұл табысы аз отбасылар үшін таптырмас мүмкіндік.
Гүлнұр Мырзабаева, қала тұрғыны:
- «Отбасы банк» менеджерлерінің кеңесінен өттік. 2%-бен алып отырмыз. Үйдің іші әппақ. Ұнады маған. Бір бөлменің өзінде екі балконымен көрсетілген. Көп-көп рақмет айтамын! Алғысым шексіз!
Пайдалануға берілген пәтерлер «комфорт» санатында салынған әрі толық жөндеуден өткен. Бұл тұрғындардың ішкі әрлеу жұмыстарына шығындалмай, бірден жаңа баспанаға қоныстануына мүмкіндік береді. Биыл «Отбасы банкінің» қолдауымен тағы 4 мыңнан астам адамды баспанамен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Ләззат Ибрагимова, «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы:
- Кезекте тұрған азаматтар бүкіл құжаттарды тапсырып, бүкіл процедуралар бойынша өтіп жатыр. Осы мамыр айында және жазда бәрі кілтті алып, баспаналы болады. Осы 2026 жылда үлкен рекорд жасап жатырмыз.
Тұрғын үйлер экологиялық таза әрі даму қарқыны жоғары ауданда бой көтерген. Салтанатты шарадан соң жиналғандар жаңа пәтерлердің ішін аралап, қоныстанушылардың қуанышына ортақтасты. Айта кетейік, биыл жалпы ел аумағында кезекте тұрған азаматтарға 24 мыңнан астам пәтер үлестіріледі деп жоспарланған.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов