Жамбыл облысында қоғамдық қабылдау өтті
Жамбыл облысында әкімдік пен құзырлы орган өкілдері, қоғамдық орындарда қабылдау өткізіп жатыр.
Адам аяғы көп жүретін жерлерге шығып, халықтың талап-тілегін тыңдап жатыр. Мысалы, бүгін қала орталығындағы саябақта шатыр тігіп, қабылдау жүргізді. Іс-шара «Қоғаммен байланыс» жобасы аясында барлық ауданда жаппай ұйымдастырылды. Осылайша, бірнеше сағатта мыңдаған тұрғын құқықтық көмек алды.
Тараздағы қоғамдық қабылдау Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақта ұйымдастырылды. Іс-шараға прокуролрлар, полиция қызметкерлері мен қылмыстық атқару департаментінің өкілдері келді. Сондай-ақ әкімдікке қарасты барлық бөлімнің басшылары да тұрғындарды қабылдады. Мамандар тегін кеңес беріп, жұртышылқытң сауалына жауап берді.
Саламат Әбітбекова, қалалық прокуратураның бөлім прокуроры:
- Келушілерге құқықтық көмек көрсетіліп, әлеуметтік қорғау, кәсіпкерлік, білім беру тұрғын үй жер қатынастары салық заңнамасы қылмыстық және әкімшілік құқық салалары бойынша өзекті мәселелер бойынша тегін заң консультациялары берілді. Сонымен қатар азаматтармен кері байланыс орнатуға арналған QR код цифрлық құралы әзірленді.
Жалпы Тараз бен 10 аудан орталығында ұйымдастырылған іс-шараға 1300 дей тұрғын қатысты. Олар құқықтық көмек алып, 300-ге жуық мәселені сол жерде шешуге мүмкіндік алды. Қабылдауға келгендердің қатарында «Барысхан» шағын ауданының тұрғындары да бар.
Сейітхан Әмзеев, қала тұрғыны:
- Балаларға ойын алаңшалары керек деп осы жерде сұрақ қойған едік. Шешімін тауып жатыр. Алла қаласа, жерді рәсімдеп, содан кейін бізге ойын алаңын салып беретін болды. Балалар ары-бері мектептен өтеді, мектеп, мешіт, содан кейін ойын алаңдарының алды, балабақшаның алдына жол кедергісін қойып беретін болды.
Өңірде қоғамдық орындарда азаматтарды қабылдау акциясы ай сайын өткізіледі. Прокуратура өкілдерінің айтуынша, мұндай шаралар халықпен кері байланысты күшейтіп, өзекті мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік береді.
Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділда