Шымкентте «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы түсіндірілді
Шымкентте жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында «Заң мен тәртіп» атты танымдық кездесу өтті.
Шара барысында оқушылар мен студенттер үшін тергеу изоляторынан арнайы онлайн қосылым ұйымдастырылып, заң алдындағы жауапкершілік нақты мысалдармен көрсетілді. Еркін сұқбат алаңына айналған жиын, қылмыстың алдын алуды көздейді.
Кездесуде «психотропты заттарды тасымалдаудың салдары» мен «ұрлық түбі қорлық» екені кеңінен талқыланды. Қылмыстық-атқару жүйесінің өкілдері мен прокурорлар заң талаптарын бұзудың жауапкершілігін нақты мысалдармен түсіндірді. Жастарды кез келген заңсыз әрекеттен бойын аулақ ұстауға шақырды.
Қуандық Айтбайұлы, қала прокуратурасының мамандандырылған прокуроры:
- Тек теория жүзінде ғана емес, практикада да көріп, осындай қылмыстарды жасаған жағдайда ауыр жағдайға тап болатынына көз жеткізеді. Бұл олардың болашағын ойлауына ықпал етеді деп сенеміз. Профилактикалық шаралар өз нәтижесін береді деп ойлаймыз.
Еркін форматтағы жиында тергеу изоляторымен арнайы телекөпір ұйымдастырылды. Темір торға қамалған жастар жиналғандарға өз қателіктері үшін өкінетінін жеткізді.
Асылзада Сүндетәлі, колледж студенті:
- Түрмеде жастай отырғаны өте өкінішті. Олардың оқуы бар. Әке-шешесінің үміттері бар. Олармен тілдесе келе жан айқайын түсіне бастадық және оларға өте қиын екенін де түсіндік.
Жиынға 800-ге жуық жоғары сынып оқушысы мен студент қатысты. Спикерлердің айтуынша, мұндай ашық диалог жастардың заңға деген құрметін күшейтіп, құқықтық сауаттылығын арттырады.
Қуаныш Ысқақов, қалалық білім басқармасының басшысы:
- Сіздердің болашақтарыңыз әлі алда. Ең керемет сәттеріңізді өз ата-аналарыныңыздың, туған-туысқандардың қасында өткізулеріңіз керек. Осының барлығы сіздерге керемет пайда тигізеді деп ойлаймын.
Мегаполисте барлығы 400 мыңға жуық жас бар. Оның 134 мыңы жоғары және арнаулы оқу орындарында білім алады. Бүгінде олар волонтерлық қозғалыстар мен үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына белсене араласып, қоғам дамуына бастайтын көптеген жобаларды жүзеге асыруға атсалысып келеді.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов