Елде кофе саудасы қызды
Ел-жұрт арақ-шараптан бас тартты. Есесіне қалада кофенің саудасы қызып тұр. Ал кофе бізге қайдан келеді? Қайсы өтімді? Жұрт қандай кофе ішіп жүр?
Кофе - өмір салтына айналды. Әсіресе ірі қалаларда таңғы уақытын кофеханада өткізетіндер көбейген. Көпшілік капучино мен латтені сүйіп ішеді. Нарықтағы кофенің 77 пайызын осылар қамтыған. Бұл былтырғы көрсеткіш. Сарапшылар бір жылда елдегі кофе сатылымы 24 пайыз өскенін айтады. Сауда жазда да қызады. Тек кофеині бар салқын сусынға көбірек сұрау түседі.
Лейла Рсалиева, кәсіпкер:
- Кофе нарығы қарқынды дамып жатыр. Біз ісімізді 2018 жылы бастаған ек. Ол кезде осыншалықты бәсеке болмаған. Қазір кофеханалардың саны артты. Жастар салауатты өмір салтын ұстанады. Пайдалы шай, қуат беретін кофе ішеді. Сұраныс күннен-күнге артып жатыр. Адамдар таңғы асын бізде ішеді. Тапсырыс береді. Кофе көпшіліктің күнделікті дағдысы бола бастағанын байқаймыз.
Әлемде кофе арзандайды
Әрине, Қазақстан кофе өсірмейді. Сол себепті былтыр 55 мың тоннаға жуық дайын кофе мен шикізат импортталды. Бұл нарықтың 72 пайызын шетелдік өнім қамтып отыр. Мұның өзі бағаға әсер етеді. Логистика шығындары да маңызды. Кофе өнімділігінің де әлем нарығына ықпалы зор. Айтпақшы, кофе мен какао арзандайды. Халықаралық сарапшылар диқандардың мол өнім жинайтынын болжайды. «Яғни қор айтарлықтай толығуы керек. Десе де геосаяси тәуекелдерді естен шығармаған жөн» дейді мамандар. Нарық құбылып тұрса да, кофесүйер қауым бар. Жаңа сұрыптарды сұрайды. Соған орай елде кофе дәнін қуырып сататындар көбейді. Кәсіпкер Лейла Рсалиева алғашында шикізатты импорттайтын, енді дайын дәнді алып отыр. Ал импорт шығынының азаюы, кәсіпті кеңейтуге мүмкіндік берді.
Лейла Рсалиева, кәсіпкер:
- Кофе нарығы расында үлкейді. Бәсеке бар. Біз бірнеше жерден кофехана ашып қойдық. Түрлі сегменттегі клиенттерге қызмет көрсетеміз. Мысалы, тұрғын үй кешені жанында орналасқан кофехананы отбасыларға ыңғайладық, парк жанындағы нысанда белсенді өмір салтын ұстанатын адамдарға арналған смузи сияқты сусындарды ұсынамыз. Мәзірді де өз наубайханамызда дайындалған тағаммен толықтырдық.
Кофеханалар кофемен шектелмейді
Астанада кофе саудасы 31 пайыз өсті. Ал Алматыда 16 пайыз шамасында. Сұраныстың көптігі соншалық, кофеханалар желісі де қаптады. Бәсекеде дес бермеу үшін кәсіпкерлер стратегия құрады. Түрлі акцияларға қатысады, бонус береді. Әсіресе таңғы асқа қатар ұсынылатын кофенің орны ерек.
Мақсат Аманбай, кофехана менеджері:
- Көбісі таңертең келеді. Кешке де келетін адамдар да бар. Бірақ кофеин деген кешке жақын ішетін сусын емес, себебі арнайы ферменттер береді. Сосын ұйқы бұзады. Сол үшін біз кешке жақын қонақтарымызға кофеинсіз немесе шайлар, басқа да сусындарға кеңес береміз. Себебі кешке жақын кофе ішу - денсаулыққа зиян.
Кофе нарығына енді біздің ел де олжа салып көрмек. Жетісу облысында кофе, қант, сүт қоспасын шығаратын зауыт салынбақ. Сингапур инвесторлары 6,7 млрд теңге бөлді. Жылына 20 мың тонна өнім өндіріледі. Оны ішкі нарықта ғана емес, шет елдерге де шығару жоспары бар. Бұл әйгілі бренд өнімі. Оған сұраныс азайған емес. Қазақстаннан ай сайын 50 контейнер кофе жеткізу жоспарланған.