LRT-дағы қауіпсіздік: нені қаперде ұстаған жөн?

Елордада LRT іске қосылған күннен бастап халық қарасы қалың болды. Жеңіл рельсті көлікке қала қонақтарынан бөлек, шетелдік туристердің де қызығушылығы жоғары.

Бас шаһар тұрғындары да бір реттік билеттен бөлек, жол жүру карталарын әдейілеп сатып алып жатыр. Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың пікірінше, қазірдің өзінде LRT-ға сұраныс жоғары. Ал жұртқа таңсық көлікпен жүрген кезде нені ескерген жөн? 

LRT – бұл да автобус сияқты қоғамдық көлік. Басты айырмашылығы сол - жеңіл рельсті көліктің ішінде жүргізуші жоқ. Ол толыққанды автоматтандырылған. Қашықтан, яғни диспетчерлік орталықтан басқарылады. Сол себепті LRT-мен жүрген кезде бірқатар қауіпсіздік ережесін қаперде ұстаған жөн. Жылжымалы құрам стансаға келіп жеткен кезде, оның тоқтап, есігі толық ашылғанша күту керек. Автобустағыдай мұнда да есікке сүйенуге тыйым салынады.

Ермек Бауыржанұлы, Бәйтерек стансасының басшысы:

- Стансада және вагондарда тәулік бойы бейнебақылау жүргізіледі. Қандай да бір жолаушының тарапынан құқық бұзушылық тіркелсе, міндетті түрде сол бейнебақылау арқылы ол кісіні табу мүмкіндігі өте жоғары.

Мұндағы апаттық тетіктеріне, стоп-крандарға беталды тиісуге болмайды. Стоп кранды апатты жағдай туындағанда ғана басуға рұқсат. Автоматты жүйе қауіп жайлы диспетчерлік орталыққа жібереді. Сол кезде вагон кілт тоқтауы мүмкін. Бұндай жағдай туындамасын деп тілейік. LRT-ның  ішінде басқарушы болмаса да, мұнда арнайы оператор жүреді.  Қандай да бір күдік тудыратын жайт болса – бірден сол кісіге хабарлауға болады.

Азамат Сәбитов, LRT пойызының операторы:

- Сәлеметсіз бе! Есіміңіз кім?

– Сәлеметсіз бе, есімім Азамат Сәбитов болады. LRT пойызының операторымын.

 – Сіз вагон ішінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қадағалайтын шығарсыз, иә?

– Қауіпсіздікті қадағалаймын. Қоғамдық тәртіпті тәртіп сақшылары қадағалайды. Ал біз жолаушылардың қауіпсіздігіне жауап береміз. Төтенше жағдайларда ақаулар болса, сол кезде біз өзіміз жүргізіп, әрі қарай алып барамыз.

– Ал егер жолаушылар қандайда бір заты қалдырып кететін болса, оны кімге хабарлау керек? Қай жерден іздейді?

– Ол затты қалдырып кететін болса, біз 101-ші станса Аэропорт немесе Нұрлы жолға апарамыз да сол жердегі платформадағы кезекшіге тапсырамыз. Сол арадан алып кетуге болады.

– Ал егер вагонда қандай да бір күдікті жайт болса, сізге келіп хабарлау керек? Ол қандай жайттар болуы мүмкін?

– Әр вагонда өрт сөндіру құралдары бар. Нұсқаулары бар өзінің, соны пайдаланып диспетчерге хабарлап, керек дүниені істейміз.

– ЛРТ жүргелі қанша адам сізге келіп бір нәрсесі дұрыс болмағанын айтып ескертті?

– Ондай хабарлама болған емес. Болмай-ақ та қойсын деп тілейік.

Жеңіл рельсті көлікке велосипед, самокатпен мінуге болмайды. Сондай-ақ коньки, роликті аяғыңыздан шешіп кіруіңіз қажет. Адам өміріне қауіп тудыратын өткір, улы, жанғыш заттарды, оның ішінде отшашуды LRT-ға  алып кіруге тыйым салынған.

Сөз басында айтқанымыздай, LRT бұл да қоғамдық көлік. Сондықтан  вагон ішінде қоқыс тастамай, мас күйде кірмей, жолаушылардың мазасын алмау сияқты – қоғамдық тәртіптің негізгі қағидаларын сақтау шарт. Түсірілім тобының LRT мен сапары осымен аяқталды. Жолда сақ болыңыздар!

Авторлары: Бақыт Топтаева, Жандос Битабаров