Ақмола облысында 400 шақырымнан астам жол жөнделіп жатыр

Көкшетау-Зеренді жолында орташа жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын.

Жоба бойынша екі аралық үш жолаққа дейін кеңейтілді. Бұл Зеренді курортты аймағына бағытталған көліктер легінің артуына септігін тигізеді.

Зеренді ауданы облыс орталығынан шамамен 50 шақырым қашықтықта орналасқан. Дегенмен, көліктің көптігі мен жолдың тарлығынан курортты аймаққа жету оңайға соқпайтын. Қазір бұл мәселе шешімін тапты.

Дарын Әрінов, құрылыс учаскесінің бастығы:

- Орташа жөндеуге дейін жолдың ені 7 метр болды. Қазіргі кезде 11 жарым метрге дейін кеңейтілді. Ол жаңағы жол қауіпсіздігіне үлкен үлес қосуда. Қазіргі кезде Көкшетау мен Зеренді арасында 5 мың көлік тәулігіне өтеді. Шілде айына дейін жол жабыны толық төселіп бітеді. Әрі қарай жол абаттандыру жұмыстары болады. Разметке енгізу, жол таңбаларын қою сияқты жұмыстар жүргізіледі. 

Облыс бойынша жол жөндеу жұмыстары жылда қарқын алып келеді. Мемлекеттен қаржылай қолдау көлемі де артқан. Әсіресе республикалық маңызға ие тас жолдар басты назарда. 

Рүстем Әбілов, "Қазавтожол" ҰК" ОФ директорының орынбасары:

- Жүзеге асып жатқан жобаларға 54 млрд теңге бөлінді. Оның 13 миллиарды күрделі жөндеуге, 30 млрд теңге орташа жөндеу жұмыстарына қарастырылады. Қалған 11 млрд теңге жолдарды күтіп ұстауға жұмсалады. Жалпы республикалық жолдарға қатысты 12 жоба бар. Оның бесеуі былтырдан ауысса, қалғаны биыл қолға алынып отыр. 

Жалпы аймақ бойынша 400 шақырымнан астам жол жөнделіп жатыр. Оның ішінде аудан және ауылдардағы тозығы жеткен жолдар бар. Бұл мақсатқа республика қазынасынан 72 миллиард теңге бөлінді.

Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный