Қазақстан аусыл дертінен азат аумақ мәртебесіне ие болды

Ресми сертификатты Дүниежүзілік жануарлар денсаулығын сақтау ұйымы табыстайды. 

Тиісті шешім бүгін ұйымның Парижде өткен 93-Бас сессиясында қабылданды. Оған 183 мүше ел бір ауыздан қолдап дауыс берді. Халықаралық ұйымның бұл шешімі мал өнімдері экспортын арттыруға қосымша мүмкіндік ашады, дейді мамандар.

Дүниежүзілік Жануарлар денсаулығын сақтау ұйымның 93-сессиясы Қазақстан үшін сәтті аяқталды: еліміз ресми түрде аусылдан қолайлы аумақ мәртебесіне ие болды. Бұл шешімді ұйымға мүше мемлекеттер бірауыздан қолдаған. Сертификат елдің ветеринариялық қауіпсіздігінің негізгі халықаралық көрсеткіштерінің бірі саналады. Ұйым басшылығының айтуынша, бұл қазақстандық мамандардың жүйелі жұмысының нәтижесі.

Баба Сумаре, Дүниежүзілік жануарлар денсаулығын сақтау ұйымның бас директорының орынбасары:

- Бұл біздің ұйым үшін де маңызды. Қазақстанды қолайлы мәртебеге ие болуымен құттықтаймыз. Бұл елде нақты қалыптасқан жүйе бар екенін, барлық талаптар мен халықаралық стандарттарды сақтауға жауапкершілікпен қарайтын білікті ветеринариялық қызмет жұмыс істейтінін көрсетеді. Біз Қазақстанды ынтымақтастыққа ашық, ұйымның белсенді серіктесі ретінде бағалаймыз. Мақсатқа жету мүмкін емес демейтін, керісінше жаңа нәтижелерге жету үшін нақты қадамдар жасайтын ел деп білеміз. Соның бірі осы мәртебені қайта иелену.

Аусыл — ауыл шаруашылығы жануарлары арасында өте жылдам таралатын вирустық аурулардың бірі. Дерттің өршуі аграрлық және азық-түлік саласына миллиондаған шығын келтіруі мүмкін. Бүгінде Дүниежүзілік ұйымның ресми мойындау жүйесі аса қауіпті алты ауру бойынша қолданылады. Мәртебе бірнеше деңгейден тұратын халықаралық бағалау нәтижесінде беріледі. Елдің географиялық және транзиттік ерекшеліктерін ескерсек, Қазақстан үшін бұл бағалау аса маңызды. Бұған дейін республикада ауру ошақтарына байланысты кейбір аймақтық мәртебелер уақытша тоқтатылған. Алайда соңғы екі жылда елдегі ветеринарлық қызмет мониторинг, вакцинация мен биологиялық қауіпсіздік жүйесін күшейтуге тырысты.

Аманғали Бердалин, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:

- Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, экспорттық Қазақстанның потенциалын жоғарылату. Үкімет осы тапсырманы орындау мақсатында екі жылдан бері жүйелі жұмыс атқарып келеді. Біріншіден мал шаруашылығын дамыту мақсатында ветеринария саласын да бірге дамытуымыз керек, сондықтан екі жыл ішінде ветеринарлық лабораторияларға құрал жабдықтар алынып берді, специалистеріміздің еңбекақысын көтерді, енді қазір оқыту мәселесімен көп айналысып жатырмыз, және инфрақұрылымдарды дамытуға қаражат бөлінді. Осының нәтижесі деуге болады. Айтып кету керек, Шығыс және Орталық Азияда Қазақстан ғана осы мәртебеге ие болып отыр. Бұл дүние жүзіне малды экспорттауға мүмкіндік береді деген сөз.

Айдана Айтбекқызы, тілші:

Халықаралық сертификат алу - экономикалық құрал. Қазір Қазақстан ет пен ет өнімдерін әлемнің 12 еліне сатады. Ресми мәртебе арқылы салалық ведомство экспорт көлемін енді Онтүстік-Шығыс Азия мен Еуропа елдеріне ұлғайтуды көздеп отыр. 

Айдана Айтбекқызы, Руслан Омиржан