Қызылорда облысында құмай дақылы сынақтан өткізіліп жатыр

Қызылорда облысында қуаңшылыққа төзімді дәнді құмай дақылының 39 сорты сынақтан өткізіліп жатыр.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің ғалымдары зерттеу жүргізуде. Құнарлығы жағынан бидай мен күрішке пара-пар дақылды  «Африка наны» деп те атайды. Отандық ғалымдар бұл өнімге не себепті қызығып отыр? Өңір үшін тиімділігі қандай?

Өңірдегі тәжіребиелік егіс алқабына дәнді құмайдың 39 сорты егілді. Ғалымдар баптап, бақылайды. Нәтижесі күзде белгілі болады. Мамандардың айтуынша, дәнді құмай суды көп қажет етпейді. Күрішпен салыстырғанда ылғалды үш есе аз тартады. Қуаңшылық жағдайында да өсуін тоқтатпайды. 

Ибадулла Таутенов, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің профессор-зерттеушісі:

- Күрішке 700 бірлік кететін болса 1 кг күріш алу үшін, бұл дақыл үшін 200 бірлік кетеді. Иә, судан. Иә, бұл жаңағыдай қолайсыз ылғал тапшы болған жағдайда бұл анабиоз жағдайына көшіп кетеді. Яғни жапырақтарын бүрістіріп, транспирация жүрмейді, жапырақ арқылы су буланбайды. Сосын қолайлы жағдай ылғал келген кезде қайтадан өзінің тіршілігін жалғастыра беретін осындай жақсы қасиеті бар. Сондықтан бұл өліп қалады деп қорықпаймыз біз.

Сонымен қатар құмай денсаулыққа пайдалы, глютенсіз дақыл. Одан көптеген тағам түрін, соның ішінде диеталық нан өнімдерін әзірлеуге болады. 

Қарлығаш Қаймолдаева, инженерлік-технологиялық институттың докторанты:

- Бұл дақыл негізі минералдарға және де қоректік заттарға өте бай. Оның құрамында көмірсу 65-70 пайызға дейін ұнның құрамында, ақуыз 10-12 пайызға дейін, кейбір кезде 15 пайызға дейін кетеді, майлылығы 3-5 пайыз және де, бұл құмай дәннің майлылығы, холестерині адам ағзасына зиян келтірмейтін холестеринге бай. 

Егер дәнді құмайдың 90 күнде пісетін және өнімділігі гектарына 50 центнерден жоғары болатын сорты анықталса, оны аймақта жаппай өндіріске енгізу ұсынылмақ. Өңірде жыл сайын суармалы су тапшылығы сезілуде. Осыған орай аймақта егінді әртараптандыру шаралары қолға алынды.  

Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев