Абай облысында сотталғандар жұмыспен қамтылды
Темір тордың ар жағында жазасын өтеп жатқандар жұмыс істеп, табыс тауып отыр. Абай облысындағы №20 түзеу мекемесінде 18 цех бар.
Сотталғандар жиһаз жасайды, тігін тігіп, металл өңдейді. Осылайша, көбі мойнындағы қарызын жауып, мемлекет алдындағы берешегін өтей алады.
Мына темір қоршаудың артында бірнеше өндірістік нысан бар. Жиһаз жасаудан бастап полиграфиялық өнімдер шығаратын, арнайы киім тігіп, кірпіш өндіретін цех жұмыс істейді. Сотталған 500-ден астам адам жұмыспен қамтылған. Олар жазасын өтей жүріп, табыс табады. Алдымен алимент, сот шешімімен өндірілетін қарыздар мен жәбірленушілерге келтірілген шығынды өтеуге жұмсайды. Қаржылық міндеттемесі бар азаматтар бірінше кезекте жұмысқа орналастырылады.
Нұрболат Сапарғалиев, №20 түзеу мекемесі бастығының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары:
- Қазіргі таңда жұмысқа орналасқан сотталғандардың көпшілігінде жеке уақыты болмайды. Тек жұмыста жүреді. Таңертең таңғы сағат 09:00-ден кешкі 18:00-ге дейін жұмыс істейді. Жұмыс істеген адамның басында бөтен ой да, басқадай жағдайлар да болмайды. Тек қана жұмыс істеген адам жұмыс істеп, өзінің келтірген шығынын өтеуге, асқан ақшасы болса, ағайын-туысына жіберуге тырысады.
Жазасын өтеушілер денсаулық жағдайы мен қабілетіне қарай жұмысқа орналасады. Бірі ағаш өңдеу цехында еңбек етсе, кейбірі баспахана мен металл өңдеу өндірісінде жұмыс істейді. Еткен еңбегіне қарай жалақы төленеді.
Қанат Тахтанов, жазасын өтеуші:
- 2024 жылдан бері осы мекемедемін. Былтыр металл құрастыратын және түрлі бұйымдар жасайтын цех ашылды. Осында колледжбен бірлесіп жұмыс істейміз. Оқу орнының базасында дәнекерлеушілер даярланады. Қазір мұнда 17 адам еңбек етеді. Еңбекақының арқасында бәрі алимент төлеп, сот талаптарын өтейді. Сондай-ақ отбасына көмектеседі.
Шавхат Эгамо, жазасын өтеуші:
- Мен Алматы қаласының тұрғынымын. Осы мекемеге келгеніме бір жарым жылдай боп қалды. Осы жерде ағаштан астау, қымыз дейсіз бе, барлығын жасап үйреніп, отбасымызға көмектесіп жатырмыз.
Қазір түзеу мекемесінде мыңға жуық адам жазасын өтеп жатыр. жартысына жуығы ресми түрде жұмыспен қамтылған. Мекеме қызметкерлерінің айтуынша, еңбек тәртіпті сақтауға ғана емес, бостандыққа шыққаннан кейін қалыпты өмірге тез бейімделуге де көмектеседі.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Ботакөз Дандыбаева, Мәди Базарбеков