Петропавлда 83 үйдің ауласы абаттандырылады
Жыл соңына дейін Петропавлда 83 көпқабатты үйдің ауласы абаттандырылады. Оның жартысына жуығы «Халық қатысатын бюджет» жобасына енген.
Яғни тұрғындар құрылыс барысын бақылап, барлық жұмысқа өздері тікелей араласады.
Петропавлдағы мына үй ауласының көптен қараусыз қалғаны көрініп-ақ тұр. Ойын алаңдары абаттандырылмаған. Әбден тозған әткеншектер балалар үшін қауіпті. Енді оның бәрі бұзылып, жаңа жабдықтар орнатылады.
Роман Башков, мердігер мекеме өкілі:
- Аулалар өте нашар. Енді тұрғындарға ыңғайлы жағдай жасалады. Қазір 14 үйдің алдын абаттаттандырып бастадық. Бұл жұмыстар маусым айының соңына дейін аяқталуы тиіс.
Әр аула кешенді түрде абаттандырылады. Оның жобасын жасауға тұрғындар да атсалысады. Биыл қала бойынша 36 үйдің аумағы «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында ретке келтіріледі.
Жоба бойынша аулалар абаттандырылып қана қоймай, қауіпсіздік жүйесі күшейтіледі. Мәселен, мына бір үйдің алдына 10-ға жуық бейнебақылау камерасы орнатылған. Былтыр Петропавлда 50 аула жаңғыртылды. Оған жергілікті бюджеттен бір млрд. теңге бөлінген. Бұл жұмыс биыл да жалғасын табады.
Бердімұрат Баймұқан, Қалалық ТҮКШ бөлімінің баспасөз хатшысы:
- Жұмыстар кешеніне аулаішілік жолдарды жөндеу, тратуарлар мен жаяу жүргіншілер жолдарын салу, аумақты көгалдандыру, жарықтандыру, қоқыс контейнерлерінің орнын жаңарту сияқты жұмыстар кіреді.
Былтыр Петропавлда 37 аула жаңғыртылды. Бұл жұмыс биыл да жалғасын табады. Оған жергілікті бюджеттен 856 млн теңге бөлінген.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков