Жасөспірімдердің аккаунттары алаяқтық құралына айналуда

Фото: depositphotos.com

Ішкі істер министрлігі әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі жеке аккаунттарды үшінші тұлғаларға беру фактілерінің жиілеп кеткенін мәлімдеді. Алаяқтар әсіресе жасөспірімдердің сеніміне кіріп, олардың SIM-карталары мен профильдерін өздерінің арам пиғылдарына пайдалануда. Тәртіп сақшылары мұндай әрекеттер қылмысқа жәрдемдесу ретінде сараланатынын қатаң ескертті, деп хабарлайды «24KZ»

Қазіргі уақытта кәмелетке толмағандардың жеңіл табыс табу мақсатында бейтаныс адамдардың өтінішімен SIM-карталарды іске қосу жағдайлары жиі тіркелуде. Олар бұл нөмірлерді әртүрлі мессенджерлерге тіркеп, кейіннен сыйақы үшін басқа біреулерге сатып отыр. Қаскөйлер бұл дайын аккаунттарды еліміздің өзге азаматтарына алаяқтық қоңыраулар шалу және заңсыз әрекеттер жасау үшін құрал ретінде пайдаланады.

 "Әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі аккаунттарды тіркеу және оларды бөгде адамдарға беру алаяқтық пен өзге де заңсыз әрекеттерді жасау құралына айналуы мүмкін. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, мұндай әрекеттер қылмыс жасауға жәрдемдесу ретінде қаралады", – деп түсіндірді ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығы Бейбіт Біржанов.

Киберқылмыстың құрбаны немесе оған қатысушы болып қалмас үшін, Ішкі істер министрлігі әрбір азаматқа мынадай қауіпсіздік ережелерін сақтауды ұсынады:

 Күмәнді заттардан бас тарту: Шығу тегі белгісіз, күдікті SIM-карталар мен құрылғыларды сатып алмау және таратпау;

 Жеке деректерді қорғау: Өз аккаунттарыңызды, логин-парольдеріңізді үшінші тұлғалардың пайдалануына бермеу;

 Балалармен жұмыс: Кәмелетке толмаған балаларға мұндай әрекеттердің артында үлкен заңдық жауапкершілік пен ауыр салдар тұрғанын ескертіп, түсіндіру;

 Нөмірді бөтенге бермеу: Абоненттік нөмірлерді мессенджерлерге тіркеп, кейін оларды бөгде адамдардың иелігіне өткізбеу;

 Уақытылы хабарлау: Егер қандай да бір күдікті әрекеттерді байқасаңыз, дереу құқық қорғау органдарына хабарласу.