Семейде тегін үйірмелер ашылады
Семейде оқушыларға тегін футзал үйірмелері ашылады. Қала прокуратурасының бастамасымен 50 балаға квота бөлінді.
Бұл – жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу шараларының бірі. Жыл басынан бері мектеп оқушыларының қатысуымен 29 құқықбұзушылық тіркелген. Оның ішінде ұрлық пен төбелес деректері де бар. Осыған байланысты прокуратура мен құзырлы органдар 8-11-сынып оқушыларымен кездесті. Жиынға 350-ге жуық оқушы қатысты. Оларға заң алдындағы жауапкершілік түсіндіріліп, салауатты өмір салты насихатталды.
Мейіржан Қалиасқаров, Семей қаласының прокуроры:
- Бізде қала бойынша қылмыстың кәмелеттік жасқа толмағандардың арасында өсуі байқалады. Сондықтан бұл фактілердің алдын алу мақсатында біз бүгінгі шараға арнайы «Елімай» футбол клубының басшылығын сонымен қатар жастардың арасында танымал футболшыларды шақырып, жастарды спортқа баулу, бос уақыттарын бос өткізбеуге насихаттауды жоспарлап отырмыз.
Асан Байғалиев, «Елімай» футбол клубының ойыншысы:
- Менің ойымша, спорт адамды шынықтырып, жан-жақты дамытады. Ол тек спортта емес, өмірде де көп көмегін тигізеді. Жалпы болашақ ұрпаққа спортпен айналысуға кеңес берер едім. Қай спорт түрі болса да маңызды емес. Ең бастысы – өздеріңізге ұнауы керек.