Атырауда халықаралық шеберлер фестивалі өтті
Атырауда «ШеберFEST – 2026» халықаралық қолөнер шеберлерінің фестивалі өтті.
Ұлттық өнерді насихаттауға арналған іс-шараға 8 мыңнан аса адам қатысып, 2 мыңдай қолөнер бұйымы сатылды. Фестивальге еліміздің әр өңірінен, сондай-ақ Қырғызстан, Өзбекстан және Ресей Федерациясынан шеберлер келді.
Ұлттық өнерді дәріптейтін ауқымды фестиваль биыл халықаралық деңгейде алғаш рет ұйымдастырылды. 100-ден аса шебер өз қолынан шыққан туындысын көрмеге қойып, шеберлік сағаттарын өткізді. Музыкалық аспаптардан бастап ежелгі қару-жарақ түрлері, киіз үй жабдықтары мен зергерлік бұйымдар келушілерге таныстырылып, оның тарихы түсіндірілді.
Әбіл Жоламанов, облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы:
- Қырғызстаннан, Өзбекстаннан және Ресей Федерациясынан шеберлер келіп, біздің ортамызды толтыруда. Бұл жерде көрмені көрсетіп, тек сату ғана емес, сіздер байқап қарасаңыздар, әрбір шебердің қасында шеберлік сыныбы жүріп жатыр. Яғни келген көрермен, болмаса жергілікті қолөнершілер осында келген халықаралық немесе өзіміздің шеберлермен таныспай, бұйымның жасалу жолдарымен да таныса алады.
Фестиваль облыстық әкімдіктің ұйымдастыруымен жүзеге асқан. Екі күнге созылған рухани іс-шараға 8 мыңдай адам қатысып, 2 мыңнан аса қолөнер бұйымы сатылған. Ұлттық өнерді дәріптеп, шеберлерге қолдау көрсету мақсатындағы мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да ұйымдастырылады.
Бейбіт Мырзағалиев, AMANAT партиясы облыстық филиалының төрағасы:
- Ата-бабамыздан келе жатқан, мирас болған осы өнерді насихаттау, ұрпақтан ұрпаққа жеткізу, сонымен қатар қазақта сөз бар ғой, шебердің қолы ортақ, деген. Бұрыннан да ата-бабаларымыз осындай қолөнершілерді қадірлеген.
Фестиваль соңында қатысушылар арнайы алғыс хаттармен марапатталды. Сонымен қатар «Музейге сый» акциясы аясында шеберлер Шаймардан Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің қорына құнды жәдігерлерін тарту етті.
Асланбек Шығыр, Амантай Матенов