Ақмола облысында 3,8 млн га алқапқа дән себілді

Ақмолалық диқандар үш жарым миллион гектардан астам алқапқа дән сеуіп үлгерді. Бұл жалпы егістік аумағының 70 пайызына тең.

Шаруалар қолайлы ауа райын пайдаланып, тәулік бойы жұмыс істеуге көшкен. 

Тәжірбиелі  механизатор Манарбек Байманов түнде егін егуге әбден машықтанып алған.  Алқапқа шықпас бұрын осылай техникасын бір тексеріп алады. Кешкі сегізден таңғы сегізге дейін тұқым себеді. Түнде жұмыс істеу еш қиындық соқтырмайды, - дейді.

Манарбек Байманов, механизатор:

- Трактор жаңа. Жарықтары бәрі жақсы көрінеді. Ауысымда шамамен 100 гектардай істеп жатырмыз. Қазір 70 пайыз егіп тастадық. Тәмамдап келеміз. Бір жұмада бітіріп қалуға тиістіміз. 

Соңғы жылдары аймақта ауыл шаруашылығы техникасы жаңарту жұмыстары жолға қойылды. Бұған мемлекеттік қолдау сеп болып отыр. Биылғы егіс науқанына 37 мың техника жұмылдырылды.

Нұрбек Бадырақов, Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Бүгінгі күннің өзінде 40 млрд теңгеден астам жалпы 600 дана ауыл шаруашылық техникалары жеңілдетілген 5 пайызбен техниканы сатып алды. Жалпы биылғы жоспар техника жаңалауды 8,5 пайызға жеткізу. Бұдан бөлек, мемлекеттік субсидия бағында 70 млрд теңгеден астам субсидиялар төленді. Қалғаны осы мамыр айының соңына дейін төленіп аяқталады. Үкімет тарапынан көктемгі дала жұмыстарын дер кезінде жүргізу мақсатында 76 мың тонна жанар-жағармай бөлінді.

Айта кету керек, биыл ақмолалық диқандар 5 жарым миллион гектарға дән себеді. Оның ішінде майлы дақылдар алқабы 90 мың гектарға ұлғайып, 600 мың гектарға жеткен. Ауа райы осылай қолайлы болса, шаруалар айналасы бір аптада барлық жұмысты аяқтауға ниетті.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный