Ақтөбе облысындағы мектептерде орын тапшылығы мәселесі шешілді
Ақтөбе облысында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы нәтижесінде орын жетіспеушілігі жойылды. Заманауи 14 білім ордасы оқушы орны ушығып тұрған аудандарда салынды.
Сонымен қатар өңірде үш ауысымды және апатты жағдайда тұрған мектептер мәселесі шешімін табады.
Кеңқияқ ауылындағы «Келешек мектебінде» құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Оқушылар жаңа мектептің ашылуын асыға күтіп жүр. Бұрын 600 орынға шақталған ескі білім ордасында 1300 бала оқитын. Ал алдағы қыркүйек айында олардың саны мың жарымнан асуы мүмкін, - дейді мамандар.
Әйгерім Бекесова, Темір аудандық білім бөлімінің бас маманы:
- Ауылдың жыл сайын мына халық санының артуы, соның ішінде оқушы санының артуына байланысты. Сазды-2 мөлтек ауданы қашықта орналасқандықтан оқушылардың тасымалы жалпы қиындауда. Және оқушы саны мектепте артып тұр. Соған байланысты осы мектеп құрылысы қажеттілігі туындады.
Жаңа мектеп 600 оқушыға арналады. Мердігер жақында ғимаратқа электр желілерін жүргізіп, абаттандыру жұмыстарын жасайды. Жаз бойы ауласын көгалдандырып, жаяу жүргіншілер жолын төсейді.
Айнаш Бришова, Кеңқияқ орта мектебінің директоры:
- Оқу құралдарының барлығы әкелініп, кабинеттер жабдықталып жатыр. Бұл жаңа мектептің өзге мектептерден ерекшелігі физика кабинеттері, биология, стем кабинеттері жақсы. Құрал-жабдықтары өте керемет деуге болады. Болашақ жастарға тек білім алу керек. Барлық жағдай жасалған.
Жалпы Ақтөбе облысында осы күнге дейін 14 «Келешек мектебі» салынды. Заманауи білім ордаларының табалдырығын 11 400 бала аттады. Ең бастысы – мектептерде балаға орын жетіспеушілігі мәселесі толық жойылды.
Ақкенже Тындыбаева, Білім басқармасы басшысының орынбасары:
- Үш ауысымды 3 мектептің мәселесі шешілетін болады. Сонымен қатар 3 мыңға жуық орын тапшылығы мәселесі шешіледі. Апатты жағдайда бізде қазір облыста екі мектеп бар. Соның бір мектебінің мәселесі «Келешек мектептері» аясында шешілетін болады. Екінші мектеп бұл Шалқар ауданындағы Базой орта мектебі. Ол мектептің құрылысы да қазір жергілікті бюджеттің есебінен жүргізілуде.
Жалпы Темір ауданындағы мектептерде биыл 7355 оқушы білім алып шықты. Алдағы оқу жылы бала саны 7500-ден асуы тиіс. Өндірісті өңірде заманауи оқу ордаларына сұраныс жоғары. Қыркүйек айында Шұбарқұдық кентінде тағы бір «Келешек мектебі» ашылады.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айбек Даутов