Шахматты оқытудағы жаңа тәсілдер: ауыл мұғалімінің тәжірибесі республикалық деңгейде танылды

Қазақстанда 2 мыңға жуық педагогтың басын қосқан «Білім берудегі шахмат» республикалық конференциялар топтамасы мәресіне жетті. Шара барысында Түркістан облысы Шұбарағаш ауылының бастауыш сынып мұғалімі енгізген бірегей әдістеме үздік жобалардың бірі ретінде ерекше аталды.

«Білім берудегі шахмат» республикалық бағдарламасының ауқымы өңірлерде ерекше сезіледі. Түркістан облысы Шұбарағаш ауылындағы шағын жинақты мектептің бастауыш сынып мұғалімі, 48 жастағы Ақсәуле Жақыпбекова балалардың стратегиялық ойлау қабілетін дамыту үшін міндетті түрде мегаполисте тұру шарт емес екеніне көз жеткізді. Педагог математика сабақтарында формулалар мен шахмат комбинацияларын ұштастырып, бұл тәжірибесін аудандағы 10 мектептен келген әріптестеріне таныстырды.

Ақсәуле Жақыпбекованың тәжірибесі – еліміздің білім беру саласындағы маңызды өзгерістердің айқын көрінісі. Бүгінде шахмат міндетті пән ретінде енгізіліп, оны бастауыш сынып мұғалімдерінің өздері оқытуда. Осы бастаманың алғашқы нәтижелерін қорытындылау үшін биылғы көктемде еліміздің түкпір-түкпірінен 2 000-ға жуық педагог жиналды.

17 сәуір мен 26 мамыр аралығында Қазақстанда ауқымды білім беру жобасы жүзеге асырылды. Аймақтық 20 конференциядан тұратын топтама білім басқармаларының басшыларынан бастап, ауыл мұғалімдеріне дейінгі 1933 қатысушының басын қосты. Конференцияға қатысушылар өз аймақтарында сәтті жүзеге асқан 69 нақты жұмыс нәтижесін ортаға салды.

«5-6 жастағы балалар шахмат негіздерін үйрене бастағанда, олардың көз алдымызда дамып жатқанын байқаймыз. Бала шешімді тез қабылдауға дағдыланады, ойлау жылдамдығы артады. Біздің ауылдық мектептегі кабинет толық жабдықталған, балалардың да ынтасы ерекше. Аудандық семинарда мен шахмат элементтері балаларға математикадан есептерді тез шығаруға және кері байланысты жылдам беруге қалай көмектесетінін көрсеттім», – дейді Ақсәуле Жақыпбекова.

Шұбарағаш бастауыш мектебінің директоры Ұлжалғас Аманбаева Ақсәуле сияқты мұғалімдерді аймақтың мақтанышы деп есептейді.

«Мектебіміз шағын болғанымен, шахмат кабинеті толық жабдықталған. Ақсәуленің ерен еңбегі мен балалардың ерекше ынтасының арқасында мектебіміз нағыз әдістемелік орталыққа айналды», – дейді басшы. Егер бастапқыда бұл бірегей тәжірибені тек аудандағы әріптестері қабылдаса, өткен конференциялар циклі ауыл мұғалімінің еңбегін республикалық деңгейге шығарды.

Шұбарағаш сияқты шағын ауылдардың сыныптарында басталған бұл жұмыс ең жоғары деңгейде үйлестіріліп отыр. 1–4 сыныптарға арналған «Шахмат негіздері» міндетті пәні Қазақстанның 1500 мектебіне енгізілді. Апта сайын 60 мыңнан астам бастауыш сынып оқушысы шахмат тақтасымен танысып, шеберліктерін шыңдауда.

Жобаны Қазақстан шахмат федерациясы ҚР Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп жүзеге асыруда. Жүйенің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін еліміздің 7 жетекші педагогикалық жоғары оқу орны (соның ішінде ҚазҰҚПУ мен М. Қозыбаев атындағы СҚУ) MINOR бағдарламасы бойынша 204 бейінді маман даярлап үлгерді және KazChessLab инновациялық зертханаларын ашты.

Бұл жетістіктің Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) тарапынан «Білім берудегі шахмат жылы» деп жарияланған 2026 жылмен тұспа-тұс келуі ерекше маңызға ие. Халықаралық қоғамдастық бұл бағыттағы жоспарларды енді ғана талқылап жатқанда, қазақстандық мұғалімдер мектептегі шахматтың үйірме деңгейінде ғана емес, болашақ ұрпақтың зияткерлік әлеуетін дамытудың жаңа негізіне айналғанын іс жүзінде дәлелдеп отыр.