«Қазақмыста» бірнеше отбасы баспаналы болды

«Қазақмыс» корпорациясында жұмыс істейтін бірнеше отбасы баспаналы болды.

Ұзақ жыл үйсіз жүрген жұмысшылардың қуанышы, компанияның әлеуметтік қолдау көрсету бағдарламасы аясында жүзеге асты. Жұмыскерлердің өмір сүру сапасын жақсарту «Қазақ-мыстың» әлеуметтік саясатының маңызды бағыты. Сондықтан бұл бастама алдағы уақытта да жалғасатын болады дейді, компания басшылығы.

«Қазақмыстың» жұмысшыларды баспанамен қамту бағдарламасы бойынша үйлі болғандардың бірі Игорь Порабкович. Ол 30 жылдан астам уақыт Жезқазған мыс балқыту зауытында еңбек етіп келеді. Осыған дейін тұрған 3 бөлмелі қызметтік пәтер отбасының меншігіне берілді.

Зәйраш Нұғыманова, Жезқазған қаласының тұрғыны:

- Балалар қуанып жатыр. Өзіміз де қуаныштымыз. Ағайын, туған-туысқанның барлығы қуанып жатыр. Үй жақсы. Корпорацияға айтатын алғысым шексіз. Өте ризамыз біз. 

Компанияның баспанамен қамту бағдарламасы Жезқазғаннан бөлек Қазақмыс жұмыс жүргізетін өзге де облыстарда жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, бүгін балқаштық қос отбасы қоныс тойын тойлады. Баспаналы болғандардың қатарында балаларын жалғыз тәрбиелеп отырған қызметкерлер бар. Бағдарлама шарты бойынша олар өздері тұрып жатқан қызметтік пәтерді жеңілдетілген бағада 5 жылға дейінгі мерзімге бөліп төлеу арқылы сатып алды. Үйдің құны нарықтағы бағасының небары 10 пайызынан басталады.

Сайрагүл Мәдешова, Балқаш қаласының тұрғыны:

- Осы қалаға көшіп келгелі армандадым ғой. Өзім ауылдан көшіп келгем бұл жаққа. Осылай шақырып, үй деп айтқанда қуанышымда шек болған жоқ. Еңбегімнің еленгені деп ойлаймын. Шексіз алғыс айтам.

Салтанат Балғабаева, Балқаш қаласының тұрғыны:

- Балаларымды асырып жеткізу маған өте қиын болды. Өйткені пәтер жоқ менде. Өз пәтерімді алу маған үлкен арман болатын. Қазақмыс корпорациясы сол арманымды орындады. 

Компания өткен наурыз айында әлеуметтік осал санаттағы 13 жұмысшыға пәтер берген болатын. Қазір тағы 16 қызметкер тұрғын үйді меншікке алу үшін құжат рәсімдеп жатыр. Олардың 7-і Жезқазған, қалғаны Балқаш қаласының тұрғындары.

Елдос Кәкенов, Нұрлан Исмаилов