URBAN FORUM: реновация және заманауи урбанизация семинары өтті
Елордада урбанистика мен қалалық ортаны дамытудың жаңа бағыттары айқындалып жатыр.
«URBAN FORUM: Реновация және заманауи урбанизация» семинарында қалаларды жаңғыртудың стратегиялық жоспарлары талқыланды. «Басты мақсат – мегаполисті тұрғындар үшін барынша жайлы әрі қолайлы ету», - дейді сарапшылар. Мамандардың пікірінше, заманауи қала тек биік ғимараттардан емес, ең алдымен сапалы инфрақұрылымнан тұруы тиіс. Осы орайда, халықаралық сарапшылар мен отандық архитекторлар энергия тиімділігін арттыру және құрылыс саласындағы заңнамалық жаңашылдықтарды талқылады.
Елнар Базыкен, қалалық урбанистика орталығының басшысы:
- Іс-шараға қала құрылысы мен урбанистика саласының хас шеберлері қатысып, өздерінің сараптамалық пікірлерімен бөлісіп жатыр. Қонақтар қатарында танымал урбанист Аркадий Гершман бар. Ол еліміздің қала құрылысындағы өзекті мәселелерге тоқталды. Сондай-ақ шараға Лондондағы сәулет өнерінің майталманы Чарльз Фу арнайы қатысып отыр. Халықаралық сарапшы аудандар мен қалалардың даму стратегиясын тиімді жоспарлаудың маңыздылығын атап өтіп, шетелдік озық жобалармен таныстырды.