Атырау облысында экологиялық акцияға 2 мың адам қатысты

Атырау облысы Мақат ауданында «Eco Steppe Fest Makat» рекордтық экология акциясы өтті. Республикалық «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өткен шараға 2 мың адам қатысты.

Сенбілікке Азия және Африка елдеріндегі ерекше жетістіктерді тіркеп, сертификат берумен айналысатын «Global Best Of Records» халықаралық ұйымының өкілдері де шақырылды. Тазалық шарасы барысында аудан орталығы мен Доссор кенті және, басқа да ауылдардан 12 тоннадан астам қоқыс жиналды. Алаңдар мен саябақтар қалпына келтірілді. Мақсат ауылдарда тазалық мәдениетін қалыптастыру және қоршаған ортаны қорғауды іс жүзінде көрсету, - дейді ұйымдастырушылар.

Азамат Мәмбетов, Мақат ауданының әкімі:

- Бір мезетте 2 мыңнан астам адам қатысып, 21 шақырымды өтіп шықтық. Бұл әлемдік рекорд болады. Бүгін «Global Best Of Records» ұйымы Азия және Африка елдерінің өкілі келіп, осы сертификатты табыс етті. Бұл акция аясында өзіміздің ауызбіршілігімізді, бірлікте екенімізді көрсетіп, ауданымызды тазалап, абаттандырдық.