Келесі жылы Гонгконг-Алматы әуе рейсі ашылады
Келесі жылы Гонконг пен Алматы арасында тікелей әуе рейстері қатынайды.
Бұны Гонконг Арнаулы әкімшілік ауданы Әкімшілігінің Басшысы Джон Ли хабарлады. Оның айтуынша, әуе рейсі кем дегенде аптасына бір рет қатынап, Қазақстан мен Қытай арасындағы жолаушылар тасымалын кеңейтуге жол ашпақ. Бүгінде Гонконг әуежайы 30 түрлі әуе бағыты бойынша жолаушыларды қабылдап жатыр. Болашақта Орталық Азия елдерімен әуе байланысын одан әрі нығайтуға мүдделі екенін жеткізді Джон Ли. Гонконг делегациясын Астанаға арнайы бастап келген ол Қазақстанды Орталық Азиядағы негізгі серіктесі әрі Қытай мен Еуропа арасын жалғап тұрған алтын көпір іспеттес екенін атап өтті. Ауқымды делегацияның Орталық Азиядағы тұңғыш сапары өзге емес, дәл Қазақстанға жасалуы тегін емес.
Джон Ли, Гонконг Арнаулы әкімшілік Ауданы әкімшілігінің басшысы:
- Қазір әлемдегі жағдай қиын. Экономикалық дамуды қамту үшін Орталық Азия елдерімен тығыз байланыс орнатуымыз шарт, өйткені бұл – үлкен нарық. Ал Қазақстан дәл осы аймақтағы дамуы жөнінен көш ілгері мемлекет саналады. Сондықтан алғашқы сапарымызды Астанадан бастауды жөн көрдік. Табиғи ресурсы мол, соңғы жылдары трансформациядан өткен елдің даму бағыты мен ұстанған саясаты Гонконгтыкімен үйлеседі.
Назарбаев университеті гонконгтің екі оқу ордасымен ынтымақтастық орнатады. Гонконгтің екі бірдей университеті Назарбаев университетімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қояды. Яғни қазақстандық оқу ордасы Гонконг политехникалық университеті және Гонконгтің білім беру университетімен әріптестік байланыс орнатады. Бұл қос тараптың ғылыми-академиялық әлеуетін олан әрі арттыруға сеп болмақ. Айта кетейік, бүгінде Гонконгте 500 қазақстандық студент білім алып жатыр. «Демек жоғары білім беру саласында әріптестік құрудың мәнісі зор», - дейді Гонконг Арнаулы әкімшілік ауданы Әкімшілігінің Басшысы.
Джон Ли, Гонконг арнаулы әкімшілік ауданы әкімшілігінің басшысы:
- Назарбаев университеті – Орталық Азиядағы ең мықты университет. Шетел студенттерінің жиі таңдауы түсетін Гонконг университеттері де жоғары сапалы білім береді. Мен жиырма шақты студентпен сөйлескенімде олар білім сапасына көңілі толатынын айтты. Демек білім – елдер арасындағы байланысты нығайтушы күш. Бұл жүйе арқылы да ынтымақтастықты кеңейтудің мүмкіндігі мол.