Алматы тауларына баратын турист саны артып келеді

Әлемнің түкпір-түкпірінен келетін саяхатшыларды Алматының таулары көбірек қызықтырады.

Былтыр шаһарға 2,5 миллионға жуық турист келген. Оның 750 мыңнан астамы шетелдік азамат. Елде тау туризмі қалай дамып келеді? Алматы таулары қонақтарды несімен қызықтырады?

Алматы таулары қаладағы негізгі туристік бағыттардың бірі. Шетелдік қонақтар көбіне биік таулы табиғатты тамашалап, таза ауада демалуды жөн көреді. Алматыға сапар барысында қалаға тиіп тұрған тауға шықпасақ, саяхатымыз толық болмас еді, дейді шетелдік қонақтар.

Теджас Гупта, турист /Үндістан/:

- Алматының таулары маған өте ұнады. Мұнда керемет көрініс пен ерекше атмосфера бар. Мен отбасыммен бірге келдім. Турист үшін бұл қаланың қарбаласынан тынығып, жақсы уақыт өткізуге тамаша орын. Менің әсерім өте жақсы болды. Бұл жерге тағы келгім келеді.

Алматы тауларын қала қонақтары ғана емес, жергілікті тұрғындар да жақсы көреді. Алматылықтар үшін бұл  әлдеқашан күнделікті демалыстың бір бөлігіне айналған. Мұнда спортпен айналысып, жаяу бағыттармен серуендеге келетіндер көп.

Рүстем Нұрлыбайұлы, музыкант:

- Алматы ол енді бірінші орында ғой тау жағынан Қазақстан бойынша. Сол үшінде Алматы жан-жағынан да шетелдік қонақтарды тартып алады деген сенімдеміз. Біз де сол Алматыны жақсы көргеннен осы қалада тұрып, өмір сүріп жатырмыз. Тауға жи шығып тұрамыз. Алматы - ол бәрінің махаббат қаласы.

Қалаға келетін туристердің географиясы да кеңейіп келеді. Туроператорлар Азия, Таяу Шығыс, тіпті Оңтүстік Америка елдерінен келген саяхатшыларды қабылдайды. Сапар мақсаты әртүрлі болғанымен, табиғат пен таулар сұраныстан түспейді. Ал қысқы Алматының өзіндік артықшылығы бар. 

Дина Николаева, турагент:

- Бізге Қытайдан, Үндістаннан туристер келеді. Тіпті Бразилиядан, Филиппиннен, Малайзиядан келгендер де болды. Олар табиғатымызға өте риза. Меніңше, Алматы ең әдемі қала. Жалпы барлық елде қыс мезгілінде қар бола бермейді. Мысалы, Үндістаннан, Араб Әмірліктерінен келген туристер қаланы ақ қар жамылған кезде көру үшін арнайы келеді. 

Туристердің қызығушылығының артуы тау инфрақұрылымын одан әрі дамытуға негіз болып отыр. Қалада туристік бағыттар абаттандырылып, жаңа демалыс орындары құрылуда. Алдағы уақытта тау кластері жыл бойы демалуға мүмкіндік беретін бағыттарды біріктіруі тиіс.

Юрий Шнейдмюллер, Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі үйлестіру кеңесінің мүшесі:

- Елде ішкі туризм де дамып келеді. Қазір тауға шығу, экстремалды спорт түрлерімен айналысу жастар арасында өте танымал. Енді осы орасан зор әлеуетті іске асырып, туристік ағынды арттыратын уақыт келді. Жанымызда Қытай бар, қарқынды дамып келе жатқан Үндістан бар. Біздің өңірге келетін туристік ағын қазірдің өзінде өсіп келеді және алдағы уақытта одан әрі арта түседі.

Бүгінде Алматының таулары мегаполистің басты туристік артықшылықтарының бірі. Қызмет көрсету сапасы мен жаңа демалыс орындарын дамыту қонақтар санын көбейтіп, шетелдік туристер үшін де, алматылықтар үшін де тартымдылығын сақтауға мүмкіндік береді. 

Гүлжан Көленқызы, Әбен Нарымбаев

Сондай-ақ оқыңыз: