«Көкжайлау» жобасы 11 аспалы жолдан тұрады
Тау кластері Алматыны Орталық Азиядағы ірі тау туризмі орталығының біріне айналдыруды көздейді. Жоба туристік инфрақұрылымды дамытумен ғана шектелмейді.
Онда табиғатты қорғау, баршаға қолжетімді орта қалыптастыру және қала экономикасына серпін беру мәселелері қамтылған. Сарапшылардың айтуынша, бірінші кезекте саяхатшыларды тарту үшін тау курорттары қажет. Қазіргі инфрақұрылым келіп жатқан демалушылар ағынына төтеп бере алмайды.
Алматыға келген шетелдік турист болсын, жергілікті тұрғын болсын ең алдымен Шымбұлаққа барады. Сол себепті мұнда адам көп жиналады. Көлік кептелісі, тұрақ тапшылығы және бағаның өсуі секілді мәселелер туындайды. Қазір осы мәселелерді шешу мақсатында Алматы тау кластері жүзеге асырылып жатыр. Нәтижесінде бірнеше демалыс орны біртұтас туристік жүйеге бірігеді. Almaty SuperSki жобасы да жыл он екі ай турист қабылдайтын мегаполис ретінде дамытуды көздейді.
Ержан Еркінбаев, Kazakh Tourism Development бас атқарушы директоры:
- 60 км тау шаңғы трассалары. Оның басым бөлігі тау шаңғыны бастаған туристерге ыңғайлы трассалар. Яғни көк және жасыл деңгейлі трассалар. Жалпы Көкжайлау жобасы 11 аспалы жолдан тұрады. Ол көп емес. Мысалы, Италиямен салыстырсақ, Dolomiti Superski курортында 400-ден асады. Бізде 11 ғана. Демек, табиғатқа ешқандай кері әсері болмайды.
Бұл жоба бұқаралық спорт пен дене белсенділігін насихаттайды. Шаңғы жолының 70 проценті жасанды қар жүйесімен жабдықталады. Демек, қыркүйек айының соңы қазан айының басынан тау шаңғы курортын ашуға болады. Сала мамандары бұл туризм индустриясында, жалпы туристік картада ең танымал жер болады, сенім білдіріп отыр.
Ержан Еркінбаев, Kazakh Tourism Development бас атқарушы директоры:
- Ең аз болғанда үш күнде шетелден келіп, Алматыда тұрса, оларды тамақтандыру керек. Кәдесый дейміз, яғни қолөнершілер бағыты жақсы дамиды. Сосын транспорт жүйесі, тағы да басқа туристерге көрсетілген қызметтер дами бастайды. Сондықтан ол жобаны тек туристер және спорт үшін емес әлеуметтік экономикалық жағынан көрсетті.
Жалпы тау шаңғысын дамытуда бізге ең жақыны – Австрияның әдісі. Өйткені ол жақта да жағадай және теңіз туризмі жоқ. Тек қана таулар. Австрияның экологиялық талаптары өте жоғары. Соның өзінде тау шаңғы курорттары өте көп. Туризм саласынан түсетін кірісі мол. Сондықтан бізге Австрияның тәжірибесі лайық деп танылған. Жергілікті тұрғындар да тау туризмін дамытуды қолдайды. Шетелге шықпас бұрын өзіміздің жерді танып біліп алғанымыз дұрыс дейді.
Маратбек Сәбитов, Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны:
- Мен Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданынан келіп отырмын. Бізде де Шығыста жақсы табиғат бар. Бұл жердің де табиғаты өте жақсы. Барлығыңызға барып көруге кеңес беремін. Алматының тауларын көру үшін отбасымды алып келдім. Жалпы туризмді дамыту үшін Қазақстанның табиғатын көріп, жер-жерді аралау керек.
Қыстық, жаздық саяхаттың өзіндік ерекшеліктері бар. Оған қоса, маусымаралық кезеңнің өз демалыс бағдарламасы болуы керек. Бұл тауға саяхат, гастрономиялық бағдарлама, денсаулықты нығайтуға арналған демалыс, фототур, танымдық сапар, спорттық бағдарлама мен саяхат болуы мүмкін. Осының бәріне тау кластері мүмкіндік береді.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Эдуард Кон