Ертісте кеме қатынасы дамиды
Шығыс Қазақстан облысында Ертіс өзені арқылы жылына 1 млн тоннадан астам жүк тасылады. Алдағы 2 жылда бұл көлем 2 жарым млн тоннаға артады.
Ресей өкілдері мен облыс мамандары туристік және жүк кемесі қатынасын дамыту жайын талқылап, жолаушылар теплоходы мен жүк баржасын көбейтуді қарастырып жатыр. Бұл орайда, Ресей Қазақстанға жаңа кемелер береді. Алда порттың да инфрақұрылымын кеңейту жоспары бар.
Шәкәрім Бұқтығұтов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Көлік-транзиттік әлеует өте маңызды. Қазір Солтүстік – Оңтүстік бағыты мен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасы қатар дамып жатыр. Соның бір бағыты – кеме қатынасы. Қазақстан, Ресей және Қытай арасында жүк тасымалын дамытуға мүмкіндік бар.
Захар Сидоренко, РФ Орталық конструкторлық бюросының бас директоры:
- Біз «Валдай-45Р» типіндегі үш кемені ұсынуға дайынбыз. Бұл – жоғары жылдамдықты, су асты қанаттарымен жабдықталған кеме. Жылдамдығы сағатына 74 шақырымға дейін жетеді, ал маршрут қашықтығы 400 шақырымға дейін.