Өзбекстанда сот билігін дамыту перспективасы талқыланды
Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің сот органдары тәуелсіз әрі әділ сот билігін өркендету перспективасын талқылады.
Өзбекстанда ұйымға мүше мемлекеттер сот кеңестерінің Төртінші кездесуі өтті. Кездесу барысында судьялар корпусын қалыптастырудың заманауи тәсілдері, судьялардың тәуелсіздігін нығайту, кадрлық рәсімдердің ашықтығын арттыру, сондай-ақ судья кадрларын даярлау саласындағы ынтымақтастық мәселесі сарапқа түсті. Жиын қорытындысында мүше мемлекеттердің сот кеңестері төрағалары судья әдебі мәселелері жөніндегі өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат судьяларды даярлау, іріктеу, оқыту және оларды тәртіптік жауапкершілікке тарту кезеңдеріндегі өзара іс-қимылды дамытуға, сот жүйесіне деген сенімді нығайтуға және үздік халықаралық тәжірибелермен алмасуға бағытталған.
Дмитрий Малахов, ҚР Жоғары сот кеңесінің төрағасы:
- Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елде ауқымды конституциялық реформа жүзеге асты. Бұл – саяси жүйені жаңғырту мен демократиялық институттарды нығайтудың маңызды кезеңіне айналды. Мемлекеттердің сот кеңестері арасындағы өзара іс-қимылды кеңейту, үздік тәжірибелермен алмасу және кәсіби әрі тәуелсіз судьялар корпусын қалыптастыруда заманауи тәсілдерді дамыту маңызды.