БҚО-да 21 адам шетелде жүріп бюджеттен жалақы алған
Батыс Қазақстан облысында 21 адам шетелде жүріп бюджеттен жалақы алған.
Мұндай заң бұзушылықтар қоғамдық жұмыстар мен «Күміс жас» бағдарламасын тексеру барысында анықталды. Кейбіреулер іс жүзінде жұмыс істемесе де құжат жүзінде қызметкер ретінде жалақы алып келген. Сонымен қатар 90 адам қажетті біліктілігі мен арнайы даярлықсыз жұмысқа алынғаны белгілі болды. Прокурорлардың талабымен бюджетке 5 миллионға жуық теңге қайтарылды.
Әсел Зайдулина, облыс прокурорының көмекшісі:
- Мысалы, Сырым ауданында бір азамат бағдарлама аясында шаруа қожалығына жұмысқа алынған. Бірақ іс жүзінде еңбек міндеттерін орындамаған. Соған қарамастан мансап орталығы арқылы ай сайын жалақы алып отырған. Анықталған заң бұзушылықтар бойынша прокурорлар 12 қадағалау актісін енгізді. Тәртіптік жауапкершілікке 8 адам тартылды, оның ішінде 5-еуі басшы қызметкер.