Мәскеуде Мемлекеттік рәміздеріміз ұлықталды

Ту, Елтаңба және Әнұран елдің дербестігі мен тәуелсіздігін әлемге әйгілеп тұр. 

Әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі. Халықтың рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгілер. Бұл күндері Мәскеуде дипломаттар мен студенттер елшілік ғимаратында бас қосты. Жиынға тұңғыш ғарышкеріміз Тоқтар Әубәкіров келіп, естелігін бөлісті.

Тоқтар Әубәкіров, ғарышкер, халық қаһарманы:

- 1991 жылы Қазақстан әлі егемендігін алмаған кезде осы гербтің алғашқы нұсқасын мен ғарышқа алып барғанмын. Оны ғарышқа апарып, сол жерде екі мөр бастырдым: ғарыш кемесінің және «Мир» станциясының мөрлері. Қазір олардың екеуі де жоқ, бәрі жанып кеткен. Гербтің сол суретін кейін Бірінші Президент музейіне тапсырдым. Бұл гербтің авторы — Шот-Аман Ыдырысұлы Уәлиханов. Мен ол кісінің жанында болдым. Оның ойы өте керемет еді. Бүгінгі күнге дейін біздің Елтаңбамыз басқа елдердің елтаңбаларына қарағанда көрнекті, әдемі әрі сұлу деп есептеймін.

Мемлекеттік рәміздеріміз 1992 жылдың 4 маусымында бекітіліп, тәуелсіз Қазақ елінің ерекше нышандарына айналды. «Ту, Елтаңба, Әнұран ұлт бірлігін нығайтады», - дейді шетелде жүрген отандастарымыз.

Дәурен Абаев, Қазақстанның Ресейдегі елшісі:

- Мемлекеттік рәміздердің қадір-қасиеті, әсіресе шетелде жүрген отандастарымыз үшін ерекше сезіледі. Олар көгілдір туымызды көргенде елтаңбамызды танығанда немесе «Менің Қазақстаным» әнұраны орындалғанда туған еліне деген мақтаныш пен жүрекке жақын рухани байланысты терең сезінеді.