Президент 5 конституциялық заңға қол қойды
Мемлекет басшысы бес Конституциялық заңға қол қойды. Бұл тізімді «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» құжат бастайды.
Мұнда Президенттің құқықтық мәртебесі, өкілеттіктері және қызметі айқындалған. Заңның басты жаңалығы – Вице-президент институтының құрылуы. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, Вице-президент мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл барысында оның мүдделерін білдіреді және Президент айқындаған міндеттерді орындайды.
Одан кейін «Құрылтай және оның депутаттарының мәртебесі туралы» конституциялық заңға қол қойылды. Құрылтай – заң шығарушы билікті жүзеге асыратын ең жоғары өкілді орган болды. Партиялық тізім бойынша сайланған 145 депутаттан тұрады. Олардың өкілеттілік мерзімі – 5 жыл. Органды, депутаттар арасынан жасырын дауыс беру арқылы сайланатын, мемлекеттік тілді жетік меңгерген Төраға басқарады.
Одан бөлек, «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» құжат қабылданды. Ол ел азаматтарынан құралады. Кеңес құрамында мәслихаттар мен қоғамдық кеңестер атынан 42 адам өкілдік етеді, оны Мемлекет басшысы бекітеді. Халық Кеңесінің өкілеттік мерзімі – төрт жыл. Оған Төраға басшылық жасайды.
Сонымен қатар «астана мәртебесі және Әкімшілік-аумақтық құрылыс» туралы конституциялық заңдарға қол қойылды. Құжатта елорданың бірыңғай сәулеттік келбеті мен дизайн кодына қойылатын, міндетті талаптары айқындалып, инфрақұрылымды дамыту жөніндегі ведомстволық бағынышты ұйымдардың өкілеттіктері бекітілді.
Әкімшілік-аумақтық бірліктерді құру және тарату, олардың шекараларын белгілеу және өзгерту, әкімшілік-аумақтық бірліктерді есепке алу және тіркеу, атаулар беру мен атауларды өзгерту тәртібі де айқындалған.