Қазақстанның туристік әлеуеті таныстырылды

Қазақстанға Сауд Арабиясынан келетін саяхатшылар саны артты. Қызығы сол, арабтар елге шілде-тамыз айларында көп келеді. 

Корольдік жұрты, бұл мезгілде шығанақтағы аптаПты Қазақстанның салқын самал баурайына алмастырып, табиғи әралуан-дыЛықты тамашалайды. Биыл да бұл үРдіс үзілмей, туристік байланыс жаңа деңгейге көтерілді. Бұл жайында Риядта «Қазақстанның туристік әлеуеті» атты жиында айтылды. 

Рауан Мыңбай, тілші:

- Бұл күндері араб сахарасында ауа температурасы 40-45 градус ыстық. Жауын-шашын аз. Қыркүйек-қазанға дейін өлкені осындай аптап жайлайды. Бір ерекшелігі, жергілікті жұрт мұндай кезеңді негізінен шетелде өткізуге бейімделген. Саяхатқа қолайлы бағыттар іздеп, салқын жақтарға аттанып кетеді.

«Қазақстанның туристік әлеуетті» атты жиын Риядта кейінгі жылдары игі дәстүрге айналды. Бұған еліміздің дипмиссия өкілдері бастамашы болып келеді. Басқосудың маусымда өтуі де бекер емес. Өйткені арабтар қазірден алдағы айларға жоспар құра бастайды. Демек біздің елдің тур компаниялары бірегей өнімдерін танытатын осындай орайлы сәтті құр жіберіп алмауы қажет.

Мадияр Меңілбеков, Қазақстанның Сауд Арабиясы Корольдігіндегі төтенше және өкілетті елшісі:

- Аталған іс-шараға Корольдіктің Туризм министрлігі, туризм басқармасы және корольдікте жұмыс істейтін тур компания басшылары, сонымен қатар бірқатар елдің елшілері шақырылды. Осы іс-шара барысында еліміздің салт-дәстүрі, мәдениеті турасында толық ақпарат бердік. Былтыр өткізген іс-шарадан кейін Сауд Арабиясынан Қазақстанға баратын туристер саны бірнеше есе артты.

Салқын жаққа сапар шегуді көздеген саудиялықтарға қазақстан компаниялары қауіпсіз әрі қолайлы тур әзірледі. Оған еліміздің бірнеше қаласы енді. Шығысы мен батысы, күнгейі мен теріскейі түгел қамтылып отыр. Көршілес мемлекеттерге саяхаттау мүмкіндігі де бар.

Ернат Солтиев, туристік компания басшысы:

- Біз соңғы жылдары 80 мыңнан аса турист қабылдап үлгердік. Қазақстанның тарихында болмаған рекорд жаңарттық. Бір күннің ішінде 88 топ қабылдап, 600 адамға қызмет көрсеттік. Бізде 180 адам істейді. Оның ішінде гидтар, араб тілін жетік білетін. Менің ойымша, алдағы жылдары туризм саласында Саудиямен қатынасты одан әрі жақсартамыз.

Еске салайық, екі ел үкіметі қазір әуе қатынасын қалпына келтіру жайын ойластырып жатыр. Жуырда тиісті келісім жасалуға тиіс. Ресми мәліметтерге қарағанда, былтыр Сауд Арабиясынан Қазақстанға 12 мыңдай адам сапарлаған. Бұрын бұл көрсеткіш 9 мың еді. Мамандар: «Сауд Арабиясын шығанақтағы ең ірі нарық», - дейді. Осы елден көптеп саяхатшы тарту біздегі туризм секторына біраз пайда әкелері анық.

Ахмед әл Казак, туристік компания басшысы:

- Қазақстанның туристік әлеуетіне арналған іс-шараға осымен екінші рет қатысып тұрмын. Мазмұнды әрі мағыналы басқосу болды. Саудиялықтар негізінен Алматыға барғанды қалайды. Заманауи инфрақұрылым, жоғары сапа, мықты сервисін біледі. Ол жақта тау бар, өзен-суы мол. Нуы тамаша. Осының бәрі Алматыны әйгілі етіп тұр.

Аднан әл Аббас, туристік компания басшысы:

- Қазақстан экологиялық және климаттық тұрғыда сан алуан. Жазы жанға өте жайлы. Тап осы маусым, шілде, тамыз айларында сіздің елге сапарлау қажетін білеміз. Сол себепті қазақ жеріне арналған турларға сұраныс артты. Былтыр Қазақстанға барып келген саяхатшыларымыз сапардың өте жақсы өткенін айтты. Басқалар да бір-бірінен естіп, бізге келіп жатыр.

Жалпы дөңгелек үстел тақырыбы еліміздің әлемге танымал туристік бағыттары мен ұлттық-мәдени ерекшелігіне арналды. Іс-шара B2B форматындағы келіссөздермен жалғасып, бірлескен тур жасау жолдары пысықталды. Саяхат саласынан бөлек, екіжақты инвестициялық ынтымақтастық жайы қаузалды. Маңызды ұсыныстар айтылды. Кейін қонақтарға кең дастархан жайылды. Ұлттық тағам мен тәттілерден дәм татқандар қазақ асханасына тамсанып, жоғары бағасын беріп жатты. 

Авторы: Рауан Мыңбай