Қазақстан C5+1 форматында мәдени ынтымақтастыққа жаңа бастамалар ұсынды
Орталық Азия елдерімен АҚШ арасында кино және аудио контент бойынша ынтымақтастық артады.
Өткен жылдың қараша айында Вашингтонда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Орталық Азия – АҚШ» саммиті өткен болатын. Саммит қорытындысы бойынша, мүше мемлекеттер арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа бағыттары айқындалды. Қол жеткізілген уағдаластықты жалғастыру мақсатында, бүгін Ташкент қаласында Орталық Азия елдері мен АҚШ мәдениет министр-лерінің C5+1 форматындағы кездесуі өтті. Қазақстан тарапынан аталған жиынға, Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қатысты.
С5+1 форматындағы жиынға АҚШ Мемлекеттік хатшысының қоғамдық дипломатия және қоғамдық байланыстар мәселелері жөніндегі орынбасары Сара Роджерс қатысты. Кездесу барысында тараптар мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективаларын талқылады. Аида Балаева Мемлекет басшылары саммиті аясында мәдени мұраны сақтау жөніндегі Бірлескен мәлімдеме қабылданғанын атап өтті. Аталған құжат мәдени құндылықтарды қорғау, музей ісі саласындағы ықпалдастықты дамыту және мәдени мұраны цифрландыру бағытында қалыптасқан көпжылдық әріптестікті нығайтуға деген ортақ ұстанымды айқындайды.
Сара Роджерс, АҚШ Мемлекеттік хатшысының қоғамдық дипломатия жөніндегі орынбасары:
- Орталық Азия елдерінің тарихы тереңде жатыр. Біз қоян қолтық жұмыс істеуге, жаңа жобаларды бірігіп жасауға дайынбыз. Бүгінгі форматтағы жиын барлық елдердің ниеттес екенін көрсетіп отыр. Ұсыныстардың барлығы байланыстарды бекемдеуге бағытталған. Ал мәдениет саласы халықтарды жақындастыратын алып күшке ие.
Кездесу барысында ынтымақтастық форматын кеңейту бірлескен жұмысты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік берілетіні айтылды. Атап айтқанда, C5+1 елдері арасында мәдениет және креативті индустриялар саласындағы өзара іс-қимылды күшейту, цифрлық жобаларды дамыту, кәсіби тәжірибе алмасуды жолға қою, туристік маршруттарды ілгерілету және халықаралық серіктестікті кеңейту мәселелері басым бағыттардың бірі ретінде қарастырылып жатыр.
Озодбек Назарбеков, Өзбекстанның мәдениет министрі:
- Бүгінгі форматтағы жиын халықаралық байланыстарымызды нығайтып, мәдени саладағы жобаларамызды жүзеге асыруға үлкен мүмкіндік деп ойламын. АҚШ тарапы бірігіп жұмыс істеуге ниетті екенін айтып отыр. Демек ұсынытарымыз жүзеге асса мәдени салада бізді үлкен жетістіктер күтіп тұр.
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар Орталық Азия елдері мен Америка Құрама Штаттары мәдениет министрлері кеңесінің хаттамасына қол қойды. Құжатта тараптар мәдени мұраны сақтау жөніндегі Бірлескен мәлімдеме ережелерін іске асыруға бейілділігін қуаттап, өнер, әдебиет, театр және музыка салаларында бірлескен іс-шаралар мен фестивальдер өткізу арқылы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға уағдаласты. Орталық Азия елдері мен АҚШ мәдениет министрлерінің кездесуі аясында Аида Балаева Сара Роджерспен жеке кездесу өткізді. Келіссөздер барысында екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері, соның ішінде мәдениет саласындағы байланыстар мен жасанды интеллектке қатысты жобалар талқыланды. Кездесу соңында тараптар C5+1 форматында өткен Орталық Азия елдері мен АҚШ мәдениет министрлері жиынында қол жеткізілген уағдаластықтар алдағы кезеңде әріптестікті одан әрі кеңейтуге берік негіз болатынына сенім білдірді.
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Өзбекстан Республикасының Мәдениет министрі Озодбек Назарбековпен де кездесті. Тараптар екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі дамыту мәселелерін талқылады. Әсіресе әдебиет саласындағы ынтымақтастыққа және театр өнері бағытындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге баса назар аударылды. Кездесу соңында тараптар 2024-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының толық жүзеге асырылғанын атап өтіп, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Өзбекстан Республикасы Мәдениет министрлігі арасындағы 2026-2027 жылдарға арналған мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі жаңа іс-шаралар жоспарына қол қойды. Аталған құжат екі ел арасындағы мәдени байланысты нығайтуға бағытталған бірлескен іс-шараларды өткізу мен ортақ жобаларды іске асыруды көздейді.