Солтүстік Арал жанданып келеді
Солтүстік Арал жанданып келеді. Кейінгі жылдары «Сырдария өзені арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасы аясында ауқымды жұмыс атқарылды.
Соның нәтижесінде кіші Арал теңізі пайда болды. Су айдынының ұлғаюы теңіздің биоәлемін сақтауға әрі Қызылорда өңірінің әлеуетін артуына серпін береді деп күтіледі.
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Арал теңізі көлемі жағынан әлемде төртінші орында болды. Сол кезеңде су айдынының жалпы ауданы 70 мың шаршы шақырымды құраған. Теңгерімсіз басқарудың салдарынан күрт тайызданып, теңіздің төрттен үш бөлігі шөлейтті жерге айналды.
Жорабек Нұрымбетов, облыс Мәслихатының депутаты:
- Судың көлемі азайып, Арал теңізінде құрғау процесі басталды. Сырдария өзені арнасын ретке келтіру және Арал теңізін сақтап қалу деген жоба көтеріп, соның бірінші кезеңіне бес мемлекеттің басшысы қол қойды. Міне, соның арқасында қазір Аралдың маңайындағы елді мекендерде тіршілік пайда болды. Қазір халықтың саны да күннен күнге өсіп жатыр.
Экологиялық жоба аясында 2005 жылы салынған Көкарал бөгеті Солтүстік Аралдың қайта жандануына жол ашты. Ұзындығы 13 шақырым болатын бетонды құрылыс суды бөгеп, теңіздің солтүстік бөлігін айдынға айналдырды. Бұрын Арал қаласына дейінгі арақашықтық 70 шақырымды құраса, қазір 17 шақырымға дейін қысқарды.
Зейнолла Қазтоғанов, Арал-Сырдария бассейндік су инспекциясының басшысы:
- Қазіргі таңда Кіші Арал теңізіне жиналған судың көлемі 23 млрд 660 млн текше метрді құрап отыр. Секундына 45 текше метр су өтуде. Нақты жыл басынан бері 830 млн текше метр су жіберілді. Біз жылдың аяғына дейін 2 млрд текше метрден аса су береміз деп жоспарлап отырмыз.
Бүгінде Арал теңізінде балықтың 22 түрі мекендейді. Судың деңгейі қайта көтерілуімен өңірде ата кәсіп - балық шаруашылығы қайта жанданып, өңдеу зауыттары ашылды. Теңізді қайта қалпына келтіруге бағытталған кешенді жұмыстар әлі де жалғасып жатыр. Айталық, бүкіләлемдік қаржы ұйымының қолдауымен жаңа жоба жасақталды.
Бақыт Жаханов, облыс әкімінің орынбасары:
- Бұл жоба Арал теңізінің аумағын тағы 3,9 шаршы шақырымға дейін ұлғайтуды көздейді. Соның арқасында айдынға құятын су мөлшерін 34 мың текше метр, яғни 7 млрдқа дейін көбейтуді жоспарлаймыз. Осылайша, жыл сайынғы балық аулау көлемін 15-16 мың тоннаға жеткізу күн тәртібінде тұр.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, алдағы жылдары Солтүстік Аралдың көлемін 34 текше шақырым, ал аумағын 3 мың 913 шаршы шақырымға дейін жеткізу жоспарланған. Бұл шаралар Президенттің Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасы бойынша жасалып жатыр.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Райхан Тәжібаева, Нұржан Мұзарапшин, Ақан Әлиев