Оралда экскаватор интернет кабелін зақымдады
Елде интернет байланысының нашарлауына Орал қаласындағы құрылыс компаниясының абайсызда байланыс желісін зақымдауы себеп болған.
Салдарынан тұрғындар ғаламтор байланысынан ажырап қалды. Құрылыс жұмыстарын жүргізген экскаватор, магистральді кабельді зақымдап, талшықты-оптикалық желіні істен шығарда. Бұл жайында «Қазақтелеком» компаниясы хабарлады. Мамандар зақымданған желіні жөндеп, өңірде халықаралық байланыстың толық ажырауына жол берілмеді, - дейді компания өкілдері.
Әйгерім Жұмақұлова, «Қазақтелеком» АҚ баспасөз хатшысы:
- Орал қаласында үшінші тарапқа тиесілі құрылыс компаниясы жүргізген жөндеу жұмыстары барысында магистральдық талшықты-оптикалық байланыс желісі зақымданды. Соның салдарынан кейбір пайдаланушылар жекелеген интернет ресурстарға қол жеткізуге уақытша кідірістерге тап болды. Қазақтелеком мамандары жедел түрде деректерді беру бағыттарын қайта баптап, резервтік арналарды іске қосты.