Қазақстанда интернетпен қамту деңгейі 98%-ға жетті
Соңғы жеті жылда Қазақстанда интернет инфрақұрылымы дамып, мобильді байланыс желілері жаңғыртылды. Кең жолақты интернеттің қолжетімділігін арттырумен қатар, елде бесінші буындағы 5G байланыс желісін енгізу жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл өзгерістер мемлекеттік қызметтерді цифрландыруға, электронды сауда мен онлайн бизнесті дамытуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды «24KZ».
Ресми деректерге сәйкес, Қазақстанда интернетпен қамту деңгейі 2019 жылғы 84%-дан 2026 жылы 98%-ға дейін өскен. Ал интернеттің орташа жылдамдығы 21 Мбит/с-тан 88–94 Мбит/с аралығына дейін артқан.
Интернет инфрақұрылымының дамуы азаматтардың күнделікті өміріне де әсер етті. Қазір халық мемлекеттік қызметтерді онлайн алып, қашықтан білім алуға, банк операцияларын жүргізуге және тауарлар мен қызметтерге интернет арқылы тапсырыс беруге мүмкіндік алды. Кәсіпкерлер үшін бұл тұтынушылар аясын кеңейтіп, өнімдері мен қызметтерін цифрлық платформалар арқылы ұсынуға жол ашады.
Сонымен қатар Қазақстанда 5G желісін енгізу жұмыстары жүргізіліп келеді. Бұл технология деректерді жоғары жылдамдықпен жеткізуге мүмкіндік беріп, цифрлық сервистерді дамытуға және мобильді байланыстың өткізу қабілетін арттыруға жағдай жасайды. 2024 жылы ірі қалаларда 5G желісін орналастыру және байланыс инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жалғасты.
Дегенмен интернетке қолжетімділік пен байланыс сапасы барлық өңірде бірдей емес. Қалаларда желінің өткізу қабілеті мен жылдамдығы маңызды болса, шалғай елді мекендерде тұрақты байланыстың болуы және қызмет құны негізгі мәселелердің бірі саналады.
Сондықтан интернет инфрақұрылымын дамытудың келесі кезеңінде желімен қамту аясын кеңейтумен қатар, байланыс сапасын жақсарту және цифрлық қызметтерді халықтың барлық санатына қолжетімді ету маңызды.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз.