ШҚО-дағы балық шаруашылығының болашағы зор

Шығыс Қазақстан облысында 2030 жылға дейін әр маусым сайын 10 мың тоннаға жуық тауарлы балық өсірілетін болады.

Шаруа қожалықтары әсіресе ханбалық пен бекіре және тұқы тұқымдас түрлеріне көп көңіл бөлмек. Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мамандары межелі міндеттің жүзеге асатынына сенімді. Себебі өңірдегі 20 ірі шаруашылық жылына 70 млн дана шабақ өсіреді.

Шығыс Қазақстан облысында 800-ден астам өзен, жүзден астам көл мен тоған бар. Балық шаруашылығын дөңгелетуге табиғаты жайлы өңір. Мәселен, таудың сарқырап аққан салқын өзенінде ханбалық еркін жүзіп, уылдырық шашады. Вячеслав Асанов биыл 500 тоннадан астам тауарлы балық алған. Өнімнің 50 пайызға жуығын Еуропа елдерінде сатты. Кәсіпкер өндіріс ауқымын да кеңейтуді көздеп отыр. Ол үшін Бұқтырма су қоймасының жағалауында балық шаруашылығы кешенін ашу қажет дейді. 

Вячеслав Асанов, кәсіпкер:

- Облыста балық шаруашылығын жүргізуге қолайлы орын көп. Мәселен, Бұқтырма су қоймасында шабақ өсіруге ниет білдірген екі кәсіпкер бар. Қомақты инвестиция құюға дайын.

Су қойманың экономикалық әлеуетін пайдаланып, қажетті телімдерді бөлу мәселесін кәсіпкерлер балық шаруашылығы комитетінің сарапшыларымен талқылауда. Тауарлы балық өнімдері көлемін ұлғайтуға мемлекеттік қолдау септігін тигізіп отыр. 

Талғат Рақымжанов, ШҚО «Зайсан-Ертіс» облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы» ММ басшысы:

- Республика көлемінде соңғы үш жылда 1 млрд артық мемлекеттік қолдау ақшасы бөлінді. Қазір 2026 жылға жергілікті бюджеттен 189 млн ақша қарастырылса, республикалық бюджеттен 499 млн ақша қарастырылған. Бұның барлығы біздің тауарлы балық өсіруге, балық шаруашылығын дамытуға өте үлкен әсерін береді. Бүгінгі күнде 3 мың тионнадан астам тауарлы балық өсірілуде. 2030 жылға дейін бұл жоспарымыз 10 тоннаға дейін жеткізу мақсатымызда бар. 

Балық шаруашылығының қарыштап дамуы су жәндіктерінің азығына да сұранысты арттырды. Сондықтан Зайсан ауданында жем-шөп даярлау кешенін салу жоспарланып отыр. Құрылыстың алғашқы кезеңіне инвестиция тартылды. Балық шаруашылығы кластерінің құрылуымен қатар табиғат ресурстарын пайдалану талаптары да өзгерген. Мәселен, 2025 жылы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында шығыс өңірінің өзен-көлдеріне ақ сақа, тұқы және бекіре балықтарының 80 миллионнан астам шабағы жіберілді. 

Мансұр Есқожин, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин