«Отбасы банк» ипотекаға 8,5% бірыңғай мөлшерлеме енгізді

«Отбасы банк» аралық ипотекалық несиеге 8,5% деңгейінде бірыңғай мөлшерлеме енгізді. Бұрын қарыздар жылдық 6%-дық мөлшерлемеден басталатын.

Өзгеріс 4 маусымда күшіне енді. Банктің баспасөз қызметі жаңа ереже тек жаңа қарыздар үшін қолданылатынын хабарлады. Яғни 4 маусымға дейін алдын ала мақұлданған несиелердің пайызы өзгермейді. Банк өкілдері мөлшерлеменің өзгеруі тұрғындардың ай сайынғы төлемдеріне айтарлықтай әсер етпейтінін жеткізді. Мысалы, 30 млн теңге ипотекалық несие бойынша 7 жарым мен 8 жарым пайыз мөлшерлемелер арасындағы айырмашылық айына шамамен 12-20 мың теңгені құрауы мүмкін. Клиенттер негізгі қарызды бұрынғыша толық, ішінара өтеу сияқты ыңғайлы тәсілдерді таңдай алады. Биыл 400 мыңнан астам жаңа салымшы тұрғын үй жинағы жүйесіне қосылған.

Жанболат Қалменов, «Отбасы банк» АҚ банк өнімдерін әзірлеу басқармасының бастығы:
- Шынында 4 маусымнан бастап «Отбасы банктің» аралық займдары бойынша бірыңғай сыйақы мөлшері енгізіліп жатыр. Ол жылдық 8 жарым пайызды құрайтын болады. Тиімді сыйақы мөлшері 9 пайыздан 9,6 пайызға дейін жетеді. Екіншіден, бұл сыйақы мөлшері тек қана нарықтық бағдарламалар бойынша алдын ала қарыздарға ғана тиесілі. Тұрғын үй қарызына немесе басқа бір мемлекеттік бағдарламаларға ешқандай әсері жоқ. Ол бағдарламалар бойынша бұрыннан келе жатқан мөлшерлемелер тиесілі.