«Әділет» партиясы саяси кеңесінің отырысы өтті

Әділдік идеясы қоғамда барған сайын кең қолдау тауып келеді. «Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай осылай дейді. 

Бүгін Астанада партияның Саяси кеңесінің отырысы өтіп, алдағы жұмыс жоспары, бірлестіктің басым бағыттары талқыланды. Келелі кеңесте партия жетекшісі «Әділет» партиясының құрылуы қоғамның әділдікке деген ұмтылысы мен қазақстандықтардың белсенді қолдауының нәтижесі екенін атап өтті. «Біз Мемлекет басшысының барлық прогрессивті күштерді Әділетті Қазақстан идеясының төңірегіне топтастыру жөніндегі үндеуін қолдаймыз және нақты бастамалар, ашық диалог пен жауапты жұмыс арқылы осы бағытты іске асыруға өз үлесімізді қосуға дайынбыз», - деді Айбек Дәдебай.

Айбек Дәдебай, «Әділет» партиясының төрағасы:

- Елдің дамуына үлес қосу үшін, қоғамдағы әділетке деген сұранысқа жауап беру үшін құрылған. Бүгін біз қоғамның үлкен сенімін сезініп отырмыз. Партия қатарына түрлі кәсіп өкілдері қосылды. Еңбек адамдары, мұғалімдер, ғалымдар, дәрігерлер, кәсіпкерлер, ІТ мамандары, жастар, қоғам белсенділері біздің ортақ мақсатымыздың төңірегінде бірікті.