Отандасымыз БҰҰ комитетіне сайланды
Отандасымыз Ләззат Қалтаева БҰҰ Мүгедектер құқықтары жөніндегі комитетінің мүшесі болып сайланды.
Оның кандидатурасын 157 мемлекет қолдады. Бұл дауыс берудегі ең үлкен көрсеткіш. Комитет құрамына Армения, Бенин, Иордания, Қытай, Литва, Палау, Самоа және Эфиопия өкілдері де сайланды. Бұл орган мүгедектердің құқықтары туралы конвенция талаптары мемлекеттерде қаншалықты орындалып жатқанын бақылайтын тәуелсіз сарапшылық құрылым. Комитет халықаралық деңгейде мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын ілгерілету және қорғау үшін жұмыс істейді. Ал Ләззат Қалтаева − инклюзияны дамыту және мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау саласындағы Қазақстандағы ең танымал қоғам қайраткерлерінің бірі. Ол жиырма жылдан астам уақыт бойы Мүгедектігі бар әйелдердің «Шырақ» қауымдастығы қоғамдық бірлестігін басқарған.