Елімізде судьяларды даярлау жүйесі өзгерді

Елімізде болашақ судьяларды оқыту тәсілдері жаңартылды. Енді олар нақты кейстермен жұмыс істеп, сот практикасын зерттейді. 

Бұны Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясының ректоры Қанат Мусин Орталық коммуникациялар алаңында хабарлады. Оның айтуынша, енді магистранттар мен докторанттар сот процестерін модельдеуге қатысып, соттарда тағылымдамадан өтеді. Сонымен қатар оқыту жүйесіне референдиат институты енгізілді. Судьялардың біліктілігін арттыру үшін әмбебап бағдарламалармен қатар, нақты кәсіби қажеттіліктерге бағытталған жеке білім беру траекториялары қалыптасты. Оқуға қабылдау процесі де біршама өзгеріп, іріктеу бұрынғыдан әлдеқайда ашық жүргізіледі. Айта кетерлігі, 2017 жылдан бері Академияны 600-ге жуық адам бітіріп шықты, олардың шамамен 80%-ы сот жүйесінде жұмыс істеп жүр.

Қанат Мусин, ҚР Жоғары Сот кеңесі жанындағы сот төрелігі академиясының ректоры:

- Академия үшін қабылдау науқанының маңызы ерекше. Өйткені дәл осы ашық әрі объективті іріктеу арқылы сот жүйесінің болашақ кадрларының резерві қалыптасады. Соңғы жылдары қабылдау қағидалары едәуір жаңғыртылды. Негізгі өзгеріс білім алуға қолжетімділіктің кеңеюімен байланысты. Егер бұрын бюджет негізінде оқуға түсу мемлекеттік органдар өкілдеріне бағытталса, 2025 жылдан бастап жұмыс орнына қарамастан барлық кәсіби заңгерлерге тегін оқуға мүмкіндік берілді.