Ақтөбеде судьялар арасында облыстық спартакиада өтті

Жарысқа 50-ге жуық адам қатысты. Спорттық дода Қазақстан Республикасы Судьялар одағының 30 жылдығына және құрметті судья Иран Әміровтің рухына арналды.

Бүгін судьялар мантияларын спорттық киімге алмастырды. Қатысушылар волейбол және үстел теннисінен сынға түсті. Спартакиадаға облыстық, аудандық, қалалық және мамандандырылған соттардың қызметкерлері қатысты. Тартысты бәсекені әріптестері мен сот жүйесінің ардагерлері қызығушылықпен тамашалады.

Айсұлтан Балмұханов, спартакиадаға қатысушы:

- Тамаша спорттық шара ұйымдастырылып жатыр. Өте жақсы, тартысты, қызықты өтуде. Бұл жерде ең бастысы – ұту емес. Ең бастысы – осындай спорттық шараларға, қоғамдық іс-шаралараға қатысу.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, судьялар арасында түрлі спорт түрлерінен жарыстар тұрақты түрде өтіп тұрады. Бұл жолғы спартакиада Қазақстан Республикасы Судьялар одағының 30 жылдығына және сот жүйесінде 30 жылдан астам еңбек еткен құрметті судья, қоғам қайраткері Иран Әміровті еске алуға арналды.

Досжан Әмір, ҚР Судьялар одағының төрағасы:

- Өкінішке қарай, судьялардың орташа өмір сүру жасы көптеген басқа мамандықтармен салыстырғанда төмендеу. Сондықтан біз бұл мәселені осыдан 23 жыл бұрын Судьялар одағы бас болып, бастаған едік. 23 жыл бұрын басталған осы соттар арасындағы басталған спартакиада әлі күнге дейін жалғасын тауып келе жатыр. Жылына екі рет өтетін бұл үлкен спартакиадаға бүкіл судьялар қауымдастығы қатысады.

Жарыс қорытындысында волейболдан облыстық соттың командасы бірінші орын иеленді. Сонымен қатар ерлер мен әйелдер арасында үстел теннисінен үздіктер анықталды. Жеңімпаздар кубоктар және естелік сыйлықтармен марапатталды. 

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Болат Молдағалиев

Сондай-ақ оқыңыз: