Көп карта ұстайтындар тексеріледі

Бірнеше банк картасын ұстағандар енді тәуекелшілдер тізіміне кіреді. Қазақстанда банктердің жұмысы мен ақша аударымдарын бақылау ережелері қатаңдатылады.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Қаржылық мониторинг агенттігі екінші деңгейлі банктерге арналған жаңа талапты бекітті. Жаңа ережелер бойынша күмәнді операциялардың алдын алу мақсатында кейбір клиенттер қосымша тексеріледі. Мәселен, бір банкте 5-тен көп немесе әртүрлі банктерде 10-нан аса картасы бар азамат автоматты түрде тәуекелі жоғары топқа енгізіледі. Мұндай жағдайда банк ақша қайдан келгенін сұрап, қажет болса шотты уақытша бұғаттай алады. Сондай-ақ 14 пен 25 жас аралығындағы жастар да ерекше бақылауда болады. Себебі олардың карталарын алаяқтар жиі пайдаланады. Сонымен қатар заңсыз интернет-казино мен шетелдік букмекерлік сайттарға ақша аударуға тыйым салынады. 21 жасқа толмағандар букмекерлік кеңселерге қаражат сала алмайды.7 миллион теңгеден асатын аударымдар міндетті түрде тексеріліп, ақша көзін растайтын құжат сұралады. Ал криптовалюта тек ресми рұқсат етілген платформалар арқылы ғана қолданылады. Жаңа ережелер алаяқтықты азайтып, қаржы айналымын бақылауды күшейтуге бағытталған.