Абай облысында банк шотын жалға берген әйел қылмыстық жауапкершілікке тартылды
Абай облысы Көкпекті ауданының 30 жастағы тұрғыны оңай ақша табамын деп қылмыстық жауапқа тартылды. Ол банк шотын үшінші тұлғалардың пайдалануына бергені үшін 40 мың теңге сыйақы алған, деп хабарлайды 24KZ.
1 наурызда әйел Instagram желісінен банк шотын «жалға беру» арқылы ақша табуға болатыны туралы хабарландыру көрген. Жарнамадағы сілтеме арқылы Telegram-ға өтіп, белгісіз адаммен байланысқа шыққан.
Ол әйелге әртүрлі адамдардан ақша аудару үшін банк шотын пайдалануға беруді ұсынған. Бұл үшін сыйақы төленетіні айтылған.
Күмәнді ұсынысқа қарамастан, әйел келісіп, банк шотының деректерін үшінші тұлғаларға берген. 2026 жылғы 2-9 наурыз аралығында оның шотына әртүрлі адамдардан ақша түскен. Осы әрекеті үшін ол 40 мың теңге алған.
Сотқа дейінгі тергеу аяқталған соң, Көкпекті аудандық полиция бөлімінің тергеушісі қылмыстық істі сотқа жолдаған.
Әйелдің әрекеті банк шотын материалдық сыйақы үшін үшінші тұлғаның пайдалануына заңсыз беру ретінде сараланды.
Сот оның кінәсін мойындағанын, жасаған ісіне өкінгенін және асырауында кәмелетке толмаған балалары барын ескерді.
Сот шешімімен оған 20 айлық есептік көрсеткіш, яғни 86 500 теңге көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар Жәбірленушілерге өтемақы төлеу қорына 5 АЕК немесе 21 625 теңге мәжбүрлі төлем өндірілді.
Абай облысының Полиция департаменті банк шотын немесе оған қолжетімділікті үшінші тұлғаларға сыйақы үшін берудің қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін екенін ескертті.
Құқық қорғау органдары азаматтарды әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі тез әрі оңай ақша табуға шақыратын ұсыныстарға сенбеуге шақырады.