Каспийге 6 млрд текше метр су құйылды
Каспийге құятын өзендердің суы азайған. Теңіздің тағдырына алаңдаған ғалымдар осылай деп дабыл қағып жатыр. Олардың айтуынша, бұның басты себебі – климаттың өзгеруі.
Сондай-ақ түрлі құрылыстар да су айдынының арнасын тарылтып келеді. тақырыпты тілші тарқатсын. Каспидің жағалауы жыл санап шегініп барады. Кейінгі отыз жылда оның деңгейі шамамен 2 метр төмендеген. Ғалымдардың бағалауынша, бұл үрдіс алдағы онжылдықтарда жалғасуы мүмкін. Тіпті ғасыр соңында 9-18 метрге дейін тартылады деген болжамдар айтылып жүр. Бұған мамандар жаһандық жылыну себеп дейді.
Ровшан Аббасов, Хазар университетінің доценті:
- Каспидің қазіргі тартылуының себебі тереңде жатыр. Теңізге құятын өзендердің суы жыл санап азайып келеді. Мысалы, климаттың өзгеруі салдарынан булану көбейіп, Кура өзенінің арнасы тартылды. Еділдің бойында жауын-шашын азайған. Оның әсерін Әзірбайжан жағалауындағы Новхан және Ленкоран аудандарынан анық көруге болады. Бұрынғы аралдар қазір түбекке айналды. Теңіздің таяз тұстары құрғап қалды.
Сондай-ақ техногендік себептері де бар. Мәселен, өткен ғасырда теңіз табанында жүргізілген жұмыстар экологиялық зиян келтірсе, суын өндірістік мақсатта пайдалану су деңгейінің түсуіне алып келген.
Данияр Әкімжанов, «Qazaq Balyk» республикалық Балық шаруашылығы және аквамәдениет қауымдастығы ЗТБ өкілі:
- Каспийдің маңында орналасқан бес мемлекетті айтатын болсақ, Түрікменстан мемлекеті, Маңғыстау өңірі, Иранда да су тапшылығының бары белгілі. Бұлардың барлығы каспий теңізінен суды тұщыту арқылы тікелей тұтынушы мемлекеттер қатарына жатады. Біздегі халықтың өсу қарқыны көбейгендіктен суды да тұтынушылар көбейіп жатыр деп айтуға болады.
Каспийге құятын 130-дай өзен бар. Оның ішіндегі ірілері Еділ мен Жайық. Яғни судың басым бөлігі осы өзендер арқылы өтеді. Сондықтан теңіз тартылмауы үшін бұл арналардың тарылмауы маңызды.
Қанат Өтеғалиев, Жайық-Каспий бассейіндік су инспекциясы басшысының орынбасары:
- Каспий теңізінің деңгейі бірқалыпты болуы үшін көптеген факторлар әсер етеді. Соның ішінде атап өтсек, Каспий теңізіне келетін жерүсті, жерасты суларының деңгейі, атмосфералық жауын шашындардың жылдық көлемі, сонымен қатар теңіз суының булануы мен осы факторлардың тепе-теңдігі болмаған жағдайда Каспий теңізі бірде түсіп, бірде көтеріліп отырады.
Алайда су деңгейі тұрақты түрде төмендеп келеді. Сондықтан Каспий маңындағы елдер ортақ экологиялық талаптар енгізген. Негізгі халықаралық құжат – 2003 жылғы Тегеран конвенциясы. Бұл құжат шеңберінде Каспийді қорғауға қатысты міндеттер бар. Оның ішінде ластануды азайту, биоәртүрлілікті сақтау, мұнай төгінділерін болдырмау, мониторинг жүргізу кіреді. Сонымен бірге Каспийдің тартылуы мен теңіз деңгейінің төмендеуі елдерді экологиялық ынтымақтастықты күшейтуге мәжбүрлеп отыр. Қазіргі таңда нормативтік база бар. Дегемен бұл бастамалар тиімсіз, - дейді эколог мамандар.
Болат Есекин, халықаралық сарапшы:
- Бұрын Каспий әлемдегі бекіренің 90 пайызын өндіретін. Бүгін бұл көрсеткіш өте төмен. Бұл бүгінге дейінгі қабылданған шаралардың жеткіліксіз екенін көрсетеді. Менің ойымша, біздегі судың ластануы, оның деңгейінің төмендеуі, биоалуантүрлілілікті сақтау сынды мәселелерді шешу жолдары тиімсіз. Қазір әлем бұл тығырықтан жаңа су парадигмасы арқылы шықпақ. Оның негізінде табиғатты бағындыру емес, онымен серіктес болу арқылы экологиялық түйіткілдерді шешу көзделген. Мысалы, қазір су бөгендерін салу арқылы суармалы жерлерді көбейту жолға қойылды. Бірақ жаңа зерттеулер бұл шаралардың керісінше құрғақшылыққа алып келетінін көрсетіп отыр.
Дегенмен бұл дәстүрлі әдістерді мүлдем қолданбау керек деген сөз емес. Су ресурстары және ирригация министрлігі соңғы 2,5 жылда Каспий теңізіне 35 млрд текше метрден астам су жіберілгенін мәлімдеді. Ал жыл басынан бері 6,16 млрд текше метр су бағытталды. Сондай-ақ Су кодексіне тіршілік нәрін үнемдеуге қатысты нормалар енгізіліп, арнайы жоспар қабылданды.
Авторы: Серік Селеубайұлы