Дағдарыс орталықтарына қолдау қажет

Елдегі дағдарыс орталықтарына қолдау қажет. Тағдыр тауқыметін тартқан ана мен балаға пана болған мекемелер жабылудың аз алдында. 

Биылдың өзінде 2500-ге жуық адам қолдау мен қызметке жүгінген. Ендігі олардың өмірі қалай болмақ? Өңірлерде дағдарыс орталықтарының жәй-күйі қандай? 

Есімін атамауды өтінген бұл кейіпкеріміз тұрмыстың тауқыметін жастайынан тартқан. Балалар үйінде тәрбиеленген ол тұрмысқа шыққан қадамын сәтті деп айта алмайды. Некелескен азаматы аз қорлық көрсетпеген. 3 баласымен дағдарыс орталығында бас сауғалап, жанын аман алып қалған. Кешегі қиын күндерді қазір еске алғым да келмейді дейді ағынан жарылып. 

Астана қаласының тұрғыны:

- Қазір сол күндерді еске алсам, өте қиын көрінеді. Бұл тақырыпты қозғаудың өзі ауыр, өйткені сол кезде тек мен ғана емес, балаларым да көп қиындық көрді. Негізі ол маған бұрыннан қол көтеретін. Отбасымызда тұрмыстық зорлық-зомбылық жиі болатын. Кейін тіпті балаларыма да қол көтере бастады. Сол кезде мен 102-ге хабарластым, содан кейін оны қамауға алды. Алғашында оны небәрі үш сағатқа ғана қамаған еді. Босап келген соң, «мені қаматтың» деп, қайтадан ұрып-соғатын.

Орталықта әлеуметтік-психологиялық көмектен бөлек, балалардың қауіпсіздігі де қамтамасыз етіледі. Оңалып кеткенше бағыт беріледі. Алайда жүздеген жәбірленушіге пана болған орталыққа жабылу қаупі төніп тұр. Жетекші: «Бұған қаржыландырудың жоқтығы басты себеп», - дейді.

Анна Рыль, «Қорғау» дағдарыс орталығының меңгерушісі:

- Бізде 2023 жылдан бері қаржымен қиындық басталды. Өкініштісі, сол мемлекет тарапынан берілетін қолдауда барлық шығындар қарастырылмаған. Мысалы, белгіленген стандарт қызметтің шеңберінде түнгі кезекшілік, тәулік бойғы қызметкерлер сияқты қажеттіліктер ескерілмеген. Қолбайлаудың арқасында біз сияқты көптеген орталықтар 2024 жылы енгізілген лицензиялау рәсімінен өте алмады. Бұл талап мүгедектігі бар адамдармен, қарттармен және тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарымен жұмыс істейтін орталықтардың барлығында кездесті. 

Қарағандыдағы дағдарыс орталығы да жабылу алдында тұр. Орталық басшысының сөзінше, демеушілерден түсетін қаражат ғимаратты жалға алуға әрең жетеді. Қаладағы асханалардың бірі ас-ауқатпен қамтамасыз етеді. Кейде мекеме қызметкерлері жалақысыз жұмыс істеуге мәжбүр болатын көрінеді. 

Светлана Вал, Қарағанды қаласындағы «Мүмкіндік» дағдарыс орталығының жетекшісі: 

- Бізде 2024 жылдың қыркүйегінен қаржыландыру мәселесі өзекті. Қазір лицензия алу жұмыстарын енді бастап жатырмыз. Соған байланысты ғимаратты ауыстыруға тура келді. Бір демеуші үш айдың жалдау ақысын төлеп берді. Лицензиялаудан өтеміз және бізге рұқсат беріледі деп үміттенеміз. Сонда орталығымыз жұмысын жалғастыра алады. Қазір біз бар ынтамызбен, жүрек қалауымызбен жұмыс істеп жүрміз. Әйел ретінде әйелдердің жағдайын түсінуіміз керек. Кейде жалақы алмайтын кездеріміз де болады.

Жаңа талаптарға сәйкес ғимараттардың аумағына қойылатын өлшемдер өзгерді. Әрбір орталықта психолог пен заңгерге арналған жеке кабинет, өрт дабылы жүйесі, асхана және дәрігер кабинеті болуы тиіс. Елдегі дағдарыс орталықтарының саны жылдан-жылға азайып жатқанын министрлік те мойындады. 

Зарина Аленова, ҚР ЕХӘҚ министрлігінің бас сарапшысы:

- Бізге әзірге орталықтар тарапынан ешқандай шағым түспеді. Ал олардың жабылуы мен лицензия алу мәселесі бойынша талап ортақ. Орталық шағын және үлкен мекемелер болса да, талап ортақ. Бұл жерде қауіпсіздікке байланысты осындай өзгерістер енгізіліп отыр. Бұл жәрдем алушылардың тиісті көмек пен қолайлы жағдайы үшін жасалып отыр. 

Қазіргі таңда елде 60-тан астам ресми дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Мекемелер тек уақытша тұрақтайтын орын емес, қорғансыз қалған қыз-келіншектерге жаңа өмір бастауға мүмкіндік береді. Мәселен, биылдың өзінде дағдарыс орталығы 2 жарым мыңға жуық жанға пана болған.