Сталкингті қайта жасағандарға жаза қатаңдатылады

Қазақстанда сталкингті қайта жасағандарға қатысты жаза қатаңдатылмақ. 

Қылмысты қайталағандарды енді 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру ұсынылып отыр. Мұны Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов хабарлады. Ақпарынша, бастама қазіргі таңда жан-жақты саралану үстінде. Бүгінге дейін республика бойынша 83 қылмыстық іс сотқа жіберілген. Оның ішінде 59 азамат сотталған. Жалпы сталкинг дерегімен 279 іс қозғалыпты. Бұдан бөлек, некеге мәжбүрлеу жағдайы көбейіпті. «Мұндай әрекет әсіресе оңтүстік және батыс аймақтарда жиірек тіркеледі», - деді министрлік өкілі. Бүгінде 12 қылмыстық іс сот қарауына жіберілген. 

Санжар Әділов, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:

-  Қазір қатаңдату мәселесі қарастырылып жатыр. Біз аталған қылмысты қайталап жасауға қатысты ұсыныс енгізіп отырмыз. Осы белгіні Қылмыстық кодекске енгізіп, оны орташа ауырлықтағы қылмыс ретінде саралау және 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын белгілеу мәселесін қарастыратын боламыз.