Сенат рақымшылық жөніндегі заңды мақұлдады

Елімізде 1,5 мыңнан аса сотталушының жазасы жеңілдетіледі. Бүгін жоғары палата рақымшылық жасау туралы заңды мақұлдады. 

Құжатқа сәйкес жеңіл дәрежедегі қылмыс пен қылмыстық теріс қылық жасағандар ізгілік шарасына ілігуі мүмкін. Мұнымен қоса, орташа ауырлықтағы қылмыс жасап, келтірілген залалды толық өтеген немесе мүлде зиян келтірмеген азаматтар да жазадан босатылады. Тәртібі жақсы, жазасының аяқталуына бір жылдан аз уақыт қалған сотталғандарға негізгі жазаны өтеуден босату қарастырылып отыр. Ішкі істер министрлігінің дерегінше, жалпы сомасы 17 миллиард теңгеден асатын шамамен 1 миллион әкімшілік айыппұл кешіріледі. 

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:

- Мақұлданған заңдар топтамасы Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты қылмыстық және әкімшілік рақымшылық жасау жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатымен әзірленді. Заңдар аясында тоқтатылатын және жазадан босатылатын істердің санаттары айқындалды. Бірқатар санат бойынша жаза мерзімдері қысқартылады. Әкімшілік рақымшылық ел тарихында алғаш рет жүзеге асырылатынын да ерекше атап өткен жөн. Сенат мақұлдаған заңдар қоғамда Ата заңның гуманистік әрі прогрессивті құндылықтарын орнықтыру жолындағы маңызды қадам екені анық.